Хоккейден Қазақстан әйелдер құрамасы Азия чемпионатында Қытайдан жеңілді

Қазақстан құрамасы әзірге ұпай жинаған жоқ

icehockey.kz
icehockey.kz

Қазақстанның әйелдер хоккей құрамасы Жапонияның Саппоро қаласында өтіп жатқан 2027 жылғы Азия чемпионатында Қытай командасына 1:2 есебімен есе жіберді. Бұл – Александр Тебеньков жаттықтыратын ұжымның турнирдегі екінші жеңілісі.

17 қазанда «Цукисаму» аренасында өткен кездесуде Қытай құрамасы есепті сегізінші минутта ашты. Гао Цзые шайба соғып, командасын алға шығарды. Алайда бірінші кезең аяқталғанға дейін қазақстандық хоккейшілер таразы басын теңестірді. 16-минутта Зубкова мергендік танытты.

Екінші кезеңде қос команда да қарсылас қақпасынан саңылау таба алмады. Ал үшінші кезеңде Қытай құрамасының шабуылшысы Фу Цзюньцзе шешуші шайбаны соғып, командасына жеңіс сыйлады. Қазақстандық хоккейшілер матч соңына дейін есепті өзгерте алмады.

Қазақстандық хоккейшілер чемпионаттағы алғашқы кездесуін 15 қазанда Жапония құрамасына қарсы өткізіп, 0:4 есебімен жеңілген еді. Осылайша, екі матчтан кейін ұлттық құрама турнир кестесінде ұпайсыз қалды.

Қазақстан құрамасы Азия чемпионатындағы соңғы кездесуін 18 қазанда Оңтүстік Кореяға қарсы өткізеді.

Биылғы турнирге төрт құрама қатысып, жарыс айналмалы жүйе бойынша өтіп жатыр. Қазақстан әйелдер құрамасы алдыңғы екі Азия чемпионатында қола медаль иеленген болатын.

×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам