Месси мен Алькарас бірдей яхтаға тапсырыс берді
Аргентиналық футбол жұлдызы Лионель Месси мен испаниялық теннисші Карлос Алькарас бірдей үлгідегі яхтаға тапсырыс берді. Екі спортшы да Польшаның Sunreef Yachts кеме жасау компаниясы ұсынған Ultima 88 моделін таңдаған. Бұл яхтаның бағасы 8–10 миллион еуро аралығында бағаланады.
Мессиге арналған яхта Біріккен Араб Әмірліктерінде жасалып жатыр. Футболшы оны отбасымен бірге теңізде демалу үшін пайдаланбақ. Ал отбасы демалысынан тыс уақытта яхта жалға беріледі. Ол Med Cat Yachts компаниясымен бірлесіп жүзеге асырылатын MIM Ocean жобасының чартерлік флотына қосылады.
Ultima 88 яхтасының ұзындығы – 28,4 метр, ені – 9,3 метр. Оның ішінде бес каюта қарастырылған. Соның бірі – яхтаның енін толық қамтитын кең басты жатын бөлме. Бұдан бөлек, кеменің алдыңғы бөлігінде джакузи орнатылады. Ашық палубалар мен кең флайбридж жолаушыларға теңіз көрінісін тамашалап, жайлы демалуға мүмкіндік береді.
Яхтаның артқы бөлігінде суға тікелей түсуге болатын арнайы демалыс аймағы бар. Жиналмалы бүйір террасалар демалыс кеңістігін кеңейтеді. Сондай-ақ гидроциклдерге арналған жеке орын қарастырылған. Яхта әрқайсысының қуаты 1000 ат күшіне тең екі қозғалтқышпен жабдықталады.
Теннисші Карлос Алькарас та осы үлгідегі яхтаға тапсырыс берген. Алайда теннисшіге арналған нұсқаның ішкі жобасы өзгеше: онда төрт қонақ каютасы мен жеке басты жатын бөлме болады.
Айта кетейік, Sunreef Yachts компаниясының клиенттері қатарында испаниялық теннисші Рафаэль Надаль, «Формула-1» чемпиондары Нико Росберг пен Фернандо Алонсо да бар. Алонсо ұзындығы 18,3 метр болатын Sunreef 60 Power Eco яхтасын сатып алған. Бұл модель электр қозғалтқыштарымен және күн панельдерімен жабдықталған.