Спортшы екі жылдық үзілістен соң татамиге қайта оралды
Өзбекстандық дзюдошы, Париж Олимпиадасының чемпионы Диёра Келдиёрова Ақтауда өткен Aktau Asian Open 2026 турниріндегі жеңісінен кейін әсерімен бөлісті. Спортшы екі жылдық үзілістен соң татамиге қайта оралып, ана атанғаннан кейінгі өмірі мен дзюдоға деген көзқарасы өзгергенін айтты.
52 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде сынға түскен Келдиёрова финалда әзербайжандық Фарида Мирзаеваны мерзімінен бұрын жеңіп, алтын медаль иеленді. Бұл – оның 2024 жылғы Париж Олимпиадасынан кейінгі алғашқы ресми жарысы.
Дзюдошының айтуынша, қазіргі спорттық қалпын Олимпиадаға дейінгі кезеңімен салыстыру қиын. Өйткені ана атанғаннан кейін оның өмірі де, өзіне деген көзқарасы да өзгерген.
«Париждегі бабымa толық жеттім деп айта алмаймын. Ол кезде мен басқа едім. Қазіргі Диёраны бұрынғы Диёрамен салыстыра алмаймын. Қазір мен – жаңа Диёрамын. Ана атандым, нәзік бола түстім. Екі жыл бойы дзюдодан алыс кеткен жоқпын, бірақ жарыс атмосферасынан біраз уақыт қол үздім. Қазір өзімді жақсы сезінемін. Енді дзюдодан ләззат алғым келеді. Мен дзюдоны жақсы көремін, онымен өмір сүремін. Сондықтан бұл спорттан өзімнің қаншалықты қуаныш алатыным маңызды», – деді ол.
Сұхбат барысында спортшыдан жарысқа қызын бірге алып келгені туралы да сұралды. Келдиёрова қызының әзірге анасының чемпион екенін түсінбейтінін айтты.
«Ол үшін ең бастысы – анасының жанында болуы, құшағына алуы. Қызым менің қандай спортшы екенімді әлі түсінбейді. Уақыты келгенде түсінетін шығар», – деді дзюдошы.
Айта кетейік, Диёра Келдиёрова – дзюдодан Олимпиада алтынын жеңіп алған Өзбекстан тарихындағы алғашқы әйел спортшы. Ол 2024 жылы Парижде өткен Олимпиада ойындарында топ жарған.