Ута Абэнің күресіне қызығамын, бірақ онымен татамиде тағы кездесеміз – Диёра Келдиёрова

Қос дзюдошы Париж Олимпиадасында белдесіп, өзбек қызының мерейі үстем болған еді

Қазақстан дзюдо федерациясы
Қазақстан дзюдо федерациясы

Ақтауда дзюдодан Тұрар Жолдыбаевты еске алуға арналған Азияның ашық кубогы өтіп жатыр. Дәстүрлі турнирде Париж Олимпиадасының чемпионы, өзбекстандық Диёра Келдиёрова топ жарды. Екі жылдық үзілістен кейін алғаш рет татамиге оралған даңқты спортшы 52 келіге дейінгі салмақта үш белдесу өткізді және бәрінде жеңіске жетті. Марапаттау рәсімінен кейін ол 1bol.kz тілшісіне арнайы сұхбат берді.

– Диёра, сіз Ақтауда өткен Азияның ашық кубогында үздік атандыңыз. Екі жылдық үзілістен кейін спорттық бабыңызға толық келе алдыңыз ба?

– Шынымды айтсам, Париж Олимпиадасының алдындағы бабымдамын деп айта алмаймын. Ол кезде мен мүлде басқа едім. Қазір өзімді бұрынғы қалпыммен салыстыра алмаймын. Өйткені ана болғаннан кейін өмірім де, өзім де өзгердім. Екі жылға жуық уақыт дзюдодан алыстап, жарыс атмосферасын сезінбедім. Қазір өзімді жақсы сезінемін, татамиге біртіндеп қайта оралып келемін. 

Алда не болатынын уақыт көрсетеді. Мен қазір дзюдодан ләззат алғым келеді. Бұл спортты қатты жақсы көремін, дзюдо – өмірімнің бір бөлігі.

– Ақтауға қызыңызбен, отбасыңызбен келдіңіз ғой. Қызыңыз анасының чемпион екенін түсіне бастады ма?

– Жоқ, оған ең бастысы – менің жанында болғаным, құшағыма алғаным. Қазір оған ана ретінде керекпін. Ол менің спортшы екенімді әлі түсінбейді. Мұны кейінірек ұғатын шығар. Сол кезде мені мақтан тұтады деп ойлаймын.

– Бұл – Олимпиададан кейінгі алғашқы турнирдегі жеңісіңіз. Алда Grand Slam жарыстары өтеді. Ірі турнирлерге қашан қатысуды жоспарлап отырсыз?

– Алда Абу-Дабиде Grand Slam жарысы өтеді. Жоспар бойынша, 29 қазанда сол турнирге қатысамыз.

– Бүгінгі жеңісіңізге қарап, қазіргі спорттық бабыңызды қалай бағалайсыз?

– Өзімді 90 немесе 100 пайыз дайынмын деп айта алмаймын. Қазір ең алдымен өзімді қалай сезінетініме, Олимпиададан кейін денем мен өмірімде болған өзгерістерге бейімделуге мән беріп жүрмін. Қайталап айтамын, қазір мен басқа дзюдошымын. Әрбір қадамымды бағалаймын: жаттығамын, одан ләззат аламын. Сондықтан дайындық деңгейімді нақты пайызбен бағалағым келмейді. Қазіргі мақсатым – сүйікті спортыммен айналысып, одан қуаныш табу. Мен үшін осының маңызы зор.

– Жақында Бакуде өткен әлем чемпионатында сіздің басты қарсыласыңыздың бірі – жапониялық Ута Абэ топ жарды. Жарысты көрдіңіз бе? Оның қазіргі деңгейіне қандай баға бересіз? 

– Ута Абэ техникалық және физикалық тұрғыдан өте мықты, тактикалық жағынан да ақылды спортшы. Оның күресу мәнерін ұнатамын. Бірақ бәрін уақыт көрсетеді. Алдағы Grand Slam турнирлерінде кездесеміз деп үміттенемін. Олимпиадаға дейін әлі уақыт бар. 

Әлем чемпионатында тек Ута Абэ ғана емес, басқа да спортшылар жоғары нәтиже көрсетті. Менің салмақ дәрежемде Испания өкілдері де күміс және қола медаль жеңіп алды. Олар да өсіп келе жатқан жас спортшылар.

– Осы жарысқа дейінгі дайындық кезеңі қанша уақытқа созылды?

– Ұзақ уақыт дайындалдым. Босанғаннан кейін екі-үш ай өткен соң жаттығуға қайта кірістім. Біртіндеп бабымды қалпына келтіре бастадым. Жалпы, дайындыққа шамамен он ай уақыт кетті деуге болады.

– Бала күтіміне байланысты үзілістен кейін спортқа қайта оралу қаншалықты қиын болды?

– Қазір біз басқаша жұмыс істейміз. Бұрын бапкерлер маған 1 жылға немесе 3 айға жоспар қоятын, ал қазір біз әр апта сайын өзімді қалай сезінетінімді, денеме қалай әсер ететінін талқылаймыз. Өйткені денем өзгерді, қазір бәрі тек мені тыңдайды, бапкерлер де мені тыңдайды.

– Парижде Ута Абэмен белдесу алдында қандай ойда болдыңыз? 

– Белдесудің алдында бапкеріммен тактиканы нақтылап алдық. Бірақ қарсыласымның татамиде қалай әрекет ететінін, менің тактикама қалай жауап беретінін ешкім алдын ала білмейді. Мұны бір Құдай ғана біледі ғой. Сол жеңіске Құдайдың көмегімен жеттім деп ойлаймын. Көп адам менің Ута Абэні жеңетініме сенген жоқ, ал мен өзіме сендім. Белдесу кезінде денем жаттыққан әрекеттерді автоматты түрде орындады. Біз тактикалық, психологиялық, физикалық және техникалық тұрғыдан жеңіске толық дайын болдық.

– Ақтаудағы Азия кубогына қатысу туралы шешімді қашан қабылдадыңыз?

– Тамыз айында қазан айындағы жарысқа қатысып, татамиге қайта ораламыз деп шештік. Оған дейін баламды емізіп жүрген едім. Тамызда баламды емшектен шығарғаннан кейін жарысқа дайындыққа көбірек көңіл бөлуге мүмкіндік туды.

– Неліктен дәл Ақтаудағы турнирді таңдадыңыз?

– Бакудегі әлем чемпионатына дейін Испанияда да бір турнир өтті. Бірақ біз үшін Испанияға бару алыстау болды. Сондықтан Ақтауға келуді жөн көрдік.

– Сұхбатыңызға рақмет!

×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам