Отандастарымыз финалда Ресей құрамасын 45:40 есебімен жеңіп, алтын медаль иеленді
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Касабланкада өткен семсерлесуден Әлем кубогы кезеңінде жеңіске жеткен Қазақстан құрамасын құттықтады.
Бұл жеңістің нәтижесінде қазақстандық спортшылар Халықаралық семсерлесу федерациясының (FIE) рейтингінде алғаш рет бірінші орынға көтерілді.
Мемлекет басшысы спортшыларға алдағы жарыстарда сәттілік тілеп, әлемдік деңгейдегі айтулы додаларда Қазақстанның көк туын желбірете беруіне тілектестігін білдірді.
Отандастарымыз финалда Ресей құрамасын 45:40 есебімен жеңіп, алтын медаль иеленді.
Қазақстан құрамасы жарыс барысында бес кездесуде жеңіске жетті. Алдымен 1/16 финалда Түркияны 45:20 есебімен ұтты. Одан кейін 1/8 финалда Гонконг құрамасынан 45:28 есебімен басым түсті.
Ширек финалда Мысыр спортшыларын 45:40 есебімен жеңген қазақстандықтар жартылай финалда Франция құрамасын 45:39 есебімен тізе бүктірді. Ал шешуші кездесуде Ресейден басым түсіп, жарыстың алтын жүлдесін жеңіп алды.
Қазақстан намысын Кирилл Проходов, Вадим Шарлаимов, Александр Федотов және Кирилл Павлов қорғады.