Бұған Марокконың Касабланка қаласында өткен Әлем кубогы кезеңіндегі жеңіс негіз болды
Семсерлесуден Қазақстан ерлер құрамасы сапы сайысынан Халықаралық семсерлесу федерациясының (FIE) әлемдік рейтингінде алғаш рет бірінші орынға көтерілді.
Бұған Марокконың Касабланка қаласында өткен Әлем кубогы кезеңіндегі жеңіс негіз болды. Қазақстандықтар финалда Ресей құрамасын 45:40 есебімен ұтып, алтын медаль иеленді.
Соңғы бір жылда отандастарымыз Ислам ынтымақтастығы ойындарында, Азия чемпионатында, әлем чемпионатында және Азия ойындарында топ жарды. Осы нәтижелердің арқасында Қазақстан әлемдік рейтингте үшінші орыннан бірінші сатыға көтерілді.
Касабланкадағы жарыста ел намысын Кирилл Проходов, Вадим Шарлаимов, Александр Федотов және Кирилл Павлов қорғады.
Бұған дейін ерлер арасындағы командалық сапы сайысында Франция, Италия, Венгрия және Швейцария құрамалары көш бастап келген. Азия елдерінен әлемдік рейтингтің бірінші сатысына Жапония мен Оңтүстік Корея ғана көтерілген еді. Енді бұл қатарға Қазақстан құрамасы да қосылды.