«Әскерге алып кетсе, жаттыға алмаймын»: Таеквондодан Азия чемпионы алаңдаушылық білдірді

Спортшы жаттығуға көп көңіл бөлетінін де атап өтті

ҰОК
ҰОК

2026 жылғы Азия ойындарында таеквондодан Қазақстан тарихындағы алғашқы алтын медальді жеңіп алған Тамирлан Тілеулес әскерге шақырылу спорттық мансабына кері әсер етуі мүмкін деп алаңдайды. 21 жастағы спортшы оқуын жалғастыруының бір себебі де осы екенін айтты.

Бұл туралы ол Insportskz YouTube арнасына берген сұхбатында сөз қозғады.

Тілеулестің айтуынша, университетте білім алу оған кәсіби спортпен қатар айналысуға мүмкіндік береді. Кейде сабақ кестесі жаттығуға кедергі келтіргенімен, оқытушылары оның спортшы ретіндегі жағдайын түсініп, оқуына қатысты қолдау көрсетеді.

«Егер оқымасам, әскерге шақыру мәселесі туындауы мүмкін. Әскерге алып кетсе, бұрынғыдай жаттыға алмаймын. Спорт екінші орынға ығысады. Қазір уақытымның басым бөлігін жаттығуға арнауға тырысамын. Сонымен бірге оқуға да болады ғой», — деді таеквондошы.

Спортшының пікірінше, жоғары спорттық жетістіктердің өзі әскерге шақырмауға кепіл бола бермейді. Оның сөзінше, егер адам оқымаса әрі отбасы мен балалары болмаса, әлем немесе Олимпиада чемпионы атанса да, әскерге шақыруы мүмкін.

Сондықтан Тілеулес оқуын жалғастыруды өз мансабына төнуі ықтимал тәуекелден сақтанудың бір жолы деп санайды. Оның басты мақсаты — жаттығу барысын үзбей, спорттағы жетістіктерін жалғастыру.

Еске салайық, Тамирлан Тілеулес 2026 жылғы Азия ойындарының таеквондодан 58 келіге дейінгі салмақ дәрежесінің финалында филиппиндік Керт Брайан Барбосаны 2:0 есебімен жеңіп, алтын медаль иеленді. Бұл — Қазақстан тарихында таеквондодан Азия ойындарында қол жеткізілген алғашқы алтын жүлде.

Материалда:

×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам