Қазақстан атынан тізімге әлем чемпионатының 2024 жылғы жеңімпазы Нұрқожа Қайпанов та қосылды
Біріккен күрес әлемі (UWW) Астанада өтетін әлем чемпионатына қатысатын ең атақты балуандардың тізіміне қазақстандық Ризабек Айтмұханды қосты.
Қазақстандық балуаннан бөлек, тізімге Ресейдің үш дүркін Олимпиада чемпионы әрі әлемнің бес дүркін чемпионы Абдулрашид Садулаев, Иранның Олимпиада чемпионы және әлемнің төрт дүркін чемпионы Хассан Яздани, АҚШ өкілі Кайл Снайдер, Иранның үш дүркін әлем чемпионы Амир Заре және басқа да танымал спортшылар енген.
Қазақстан атынан тізімге әлем чемпионатының 2024 жылғы жеңімпазы Нұрқожа Қайпанов та қосылды.
UWW әлеуметтік желідегі жазбасында Instagram бір жарияланымға 20 фотосуреттен артық орналастыруға мүмкіндік бермейтіндіктен, Астанаға келетін әлем және Олимпиада чемпиондарының тек бір бөлігін ғана таныстырғанын атап өтті.
Айта кетейік, күрестен 2026 жылғы әлем чемпионаты Астанада 24 қазан мен 1 қараша аралығында өтеді. Ұйымдастырушылардың мәліметінше, жарысқа рекордтық көрсеткіш — 135 елден шамамен 900 спортшы қатысады. Олар тоғыз күн бойы еркін, грек-рим және әйелдер күресінен әлем чемпионатының жүлделерін сарапқа салады.