Азия Пара ойындарында Қазақстан қоржыны тағы бір алтынмен толықты
Қазақстандық пара дзюдошы Жұрқамырза Шүкірбеков Азия Пара ойындарының чемпионы атанды.
Отандасымыз J2 санатында 95 келіден жоғары салмақ дәрежесінде белдесіп, финалда Иран өкілі Кхеироллахзаде Варзи Мохаммад Резаны жеңді. Осылайша, Қазақстан құрамасының қоржыны тағы бір алтын медальмен толықты.
Ал Зарина Райфова пара дзюдодан J2 санатында +70 кг салмақ дәрежесінде Азия Пара ойындарында айналмалы жүйе бойынша жарыс жеңімпазы атанды.
Іріктеу кезеңінде Зарина Райфова қытайлық Ванг Пинг , үндістандық Димпл және Өзбекстан спортшысы Махинур Пармонова мен Хабиба Джураеваны иппонмен ұтып, жеңіске жетті.