
Ертең әйелдер күресінен тағы 5 балуанымыз жарыс жолына шығады
Иорданияда күрес түрлерінен өтіп жатқан Азия чемпионатында Қазақстан әйелдер құрамасының бүгін белдесуге шыққан спортшылары финалға шыға алмады.
50 келіде Светлана Анкичева жартылай финалға дейін жеткен еді. Алайда ол финалға шығар сында Қытай балуанынан 10:0 есебімен ойсырай жеңілді. Енді ол қола жүлде үшін күреседі.
55 келіде Зульфия Яхъярова ширек финалда Моңғолия балуанына 11:0 есебімен жол беріп, жүлдесіз қалды. Одан басым түскен моңғол балуаны финалға шыға алмады.
59 келіде Гүлдана Бекеш ширек финалда Солтүстік Корея балуанына 12:1 есебімен жеңілді. Алайда қарсыласының финалға шығуынан кейін отандасымыз жұбаныш белдесуін өткізетін болды.
68 келіде Ирина Казюлина ширек финалда Қытай балуанынан айласын асыра алмады. Алайда қазақстандық балуан қола жүлде үшін үнді спортшысы Манси Латхермен белдесуге шықпақ.
76 келіде Эльмира Сыздыкова Солтүстік Корея өкілі Ми Хян Кимнен 12:0 есебімен жеңілді. Алайда кәріс балуаны жартылай финалда қырғыз қызы Айпері Медетқызынан жеңіліп, отандасымыз қола жүлде үшін күресуге мүмкіндігінен біржола айырылды.
Ертең әйелдер күресінен тағы 5 балуанымыз жарыс жолына шығады. Турнир басталғалы бері грек-рим күресінен ұлттық құрама балуандары 2 күміс, 2 қола медаль иеленді.