ЖБ Шоу! Жаңа шығарылым!

«Дінге тыйым салынады». Қазақстанда спортшылардың этикасы бекітілді

Бүгін, 12:01

Енді спортшылар діни нанымдарын ашық насихаттай алмайды

«Дінге тыйым салынады». Қазақстанда спортшылардың этикасы бекітілді
Әлеуметтік желі

Қазақстан Республикасының Туризм және спорт министрінің 2025 жылғы 27 маусымдағы бұйрығымен еліміздің Спорттық этикасына өзгерістер енгізілді.

Жаңа редакцияда қабылданған Спорттық этика спортшылардың, жаттықтырушылардың, оқытушы-жаттықтырушылар мен спорт төрешілерінің мінез-құлық нормаларын белгілейді.

Енді спортшылар, жаттықтырушылар, оқытушы-жаттықтырушылар мен төрешілер мына талаптарды орындауы тиіс:

• қоғамдық орындарда мас күйінде (алкоголь, есірткі немесе уытты заттардың әсерімен) жүруге жол бермеу;

• адамгершілікке және қоғамның моральдық құндылықтарына сай болу;

• адал ойын принципін сақтау;

• ұлттық құрамалар, қарсыластар, жанкүйерлер мен жарыс ұйымдастырушыларына құрметпен қарау;

• өзге спортшылар мен еріктілердің ар-намысын құрметтеу және олардың құқықтарын таптамау, сондай-ақ, спорттық шаралар мен марапаттау рәсімдерінде саяси ұрандарға жол бермеу;

• дау-жанжалдан аулақ болу, спорттық беделге нұқсан келтірмеу;

• Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздеріне және өзге елдердің мемлекеттік рәміздеріне құрметпен қарау;

• Қазақстанның Мемлекеттік Әнұранының мәтіні мен музыкалық редакциясын білу, оны орындау кезінде этикалық нормаларды сақтау;

• төреші шешіміне құрметпен қарау, жария түрде дау тудырмау;

• спорттық марапаттарды (кубок, медаль, диплом) қадірлеу;

• жарыстардағы марапаттау рәсіміне қатысу;

• ресми фототүсірілім, марапаттау, БАҚ-пен жұмыс барысында ұлттық құраманың немесе спорт клубының киім үлгісін кию;

• БАҚ өкілдерінің жұмысына құрметпен қарау;

• өзге спортшыларға үлгі бола білу;

• спорт жарыстарының ережелерін сақтау.

Сонымен қатар, тыйым салынатын әрекеттердің қатарына:

• оқу-жаттығу процесіне қатысты ақпаратты жариялау;

• бейәдеп сөздер мен ым-ишараны қолдану;

• жарыс немесе оқу-жаттығу жиынына кедергі келтіру немесе еліміздің беделіне нұқсан келтіретін әрекеттер жасау;

• жарыс алдында, барысында немесе кейін қандай да бір адамға сөзбен, жазбаша түрде, ым-ишара арқылы қоқан-лоқы көрсету;

• діни нанымдарын ашық насихаттау, өзгелерді діни бірлестіктердің жұмысына немесе миссионерлік әрекетке мәжбүрлеу.

Жеке жаттықтырушылар спортшыларға Қазақстанның Мемлекеттік Әнұранын үйретуге міндетті.

Дене шынықтыру және спорт ұйымдары Спорттық этиканың мәтінін көрнекі жерде орналастыруы тиіс. Сонымен қатар, спорттық қызметке қатысты келісімшарт жасалған күннің өзінде спортшылар мен мамандар этикамен жазбаша түрде таныстырылуы қажет.

Аталған бұйрық 2025 жылғы 19 шілдеден бастап күшіне енеді.

Бұл туралы не ойлайсыз?
Ұнайды 4
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулану 0

Материалда:

×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам