
Бұл туралы ұлттық құраманың бас бапкері Қонысбек Төкенов мәлімдеді
Париж Олимпиадасының күміс жүлдегері Демеу Жадыраев ұзақ үзілістен кейін боз кілемге қайта оралады. Белгілі болғандай, ол тамыз айында Германияның Дортмунд қаласында өтетін Гран-при турнирінде өнер көрсетпек.
«Демеу қазір қарқынды жаттығу үстінде. Тамызда Дортмундта өтетін Гран-при турнирінде күш сынап, қазіргі дайындығының деңгейін бағалаймыз. Егер ол бұл жарыста жақсы нәтиже көрсетсе, әлем чемпионатына қатысатын үміткерлердің қатарына қосылады», - деді ұлттық құраманың бас бапкері Қонысбек Төкенов sportbugin.kz сайтына берген сұхбатында.
Айта кетейік, бұл Демеу Жадыраевтың Париж Олимпиадасынан кейінгі алғашқы ресми жарысы болмақ.
Еске сала кетейік, Париж Олимпиадасында Демеу Жадыраев грек-рим күресінен 77 келі салмақ дәрежесінде финалға дейін жетіп, алтын үшін белдесуге мүмкіндік алған болатын. Алайда шешуші белдесуде жапондық Нао Куссакиге жол беріп, күміс медальді қанағат тұтты.