
Финалға шыққаны үшін 52 890 еуро мен 165 рейтингілік ұпайға иелік етіп отыр
Қазақстанның бірінші, әлемнің 34-ракеткасы Александр Бублик Гштаад (Швейцария) ATP 250 турнирінің финалына өтті.
Жарыстың екінші ракеткасы болып тіркелген отандық теннисші жартылай финалда әлемдік рейтингіде 116-орында тұрған франциялық Артур Казомен шеберлік байқасты.
Бірінші партияда Бублик екі рет брейк жасап, айқын басымдық танытты – 6:1. Екінші сетте есеп 5:5 кезінде қазақстандық спортшы брейк жасап, матчты жеңіспен түйіндеді – 7:5. Кездесу бір сағат 12 минутқа созылды.
Осылайша, қазақстандық теннисші финалға шыққаны үшін 52 890 еуро мен 165 рейтингілік ұпайға иелік етіп отыр.
Александр Бублик финалда әлемнің 109-ракеткасы аргентиналық Хуан-Мануэль Серундоломен чемпиондық атақты сарапқа салады. Аргентиналық тоғыз ойынның сегізінде жеңіске жеткен және бұл оның қатарынан екінші финалы.