
Рыбакина алғашқы кездесуін британиялық Эмма Радуканумен бірге өткізді
Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакина WTA 500 санатындағы Вашингтон турнирінде жұптық сында ширек финалға шықты.
АҚШ астанасындағы жарыста Рыбакина алғашқы кездесуін британиялық Эмма Радуканумен бірге өткізді. Қарсыласы – словак Тереза Михаликова мен Ұлыбритания өкілі Оливия Николлс. Қарсыластары алғашқы сетте үстемдік көрсеткенімен, Рыбакина мен Радукану матчты шайқаса жүріп, тай-брейкте жеңіп шықты. Қорытынды есеп – 2:6, 7:6 (7:4), 11:9. Кездесу 1 сағат 54 минутқа созылды.
Ширек финалда олар мексикалық Джулиана Олмос / индонезиялық Алдила Сутджиади және жапондық Мию Като / қытайлық Тайбэй өкілі У Фансянь дуэтінің жеңімпазымен кездеседі.
Ал осы турнирде өнер көрсетіп жатқан тағы бір қазақстандық теннисші Галина Воскобоева жұптық сында алғашқы айналымнан аса алмады. 40 жастағы спортшы үшін бұл – мансабын қайта жалғастырғаннан кейінгі алғашқы ресми жарыс. Воскобоева ресейлік Камилла Рахимовамен бірге америкалықтар Кэролайн Доулхайд пен София Кенинге 5:7, 3:6 есебімен жол берді. Матч ұзақтығы – 1 сағат 31 минут.
Осылайша, жарыстың жұптық кезеңінде Қазақстанның жалғыз өкілі ретінде Рыбакина қалды. Ол жеке сында да өнер көрсетеді. Теннисші бәсекені екінші айналымнан бастайды. Оның қарсыласы – канадалық Виктория Мбоко.
Сондай-ақ қазақстандық теннисші Юлия Путинцева жарысты бірінші айналымнан бастайды. Ол жапон теннисшісі Наоми Осакомен кездеседі.