Жалоловтың қарсыласы — британиялық Соломон Дакрес
Өзбекстандық аса ауыр салмақтағы боксшы, екі дүркін Олимпиада чемпионы Баходир Жалолов кәсіпқой рингтегі келесі жекпе-жегін Лондонда өткізеді.
Кездесу 17 қазанда O2 Arena спорт кешенінде ұйымдастырылатын бокс кешінің аясында өтеді. Жалоловтың қарсыласы — британиялық Соломон Дакрес.
31 жастағы Жалолов кәсіпқой бокста 17 кездесу өткізіп, барлығында жеңіске жеткен. Оның 15 жекпе-жегі мерзімінен бұрын аяқталған.
Өзбекстандық боксшы соңғы рет мамыр айында Манчестерде хорватиялық Агрон Смакичимен кездескен. Қарсыласының командасы жетінші раундтан кейін жекпе-жекті жалғастырудан бас тартып, Жалолов техникалық нокаутпен жеңіске жетті.
Ал Соломон Дакрестің еншісінде 10 жеңіс пен бір жеңіліс бар. Британиялық боксшы үш қарсыласын нокаутпен ұтқан. Ол бұған дейін Англия чемпионы атағын иеленген және кейінгі кездесуінде жеңілмеген Владислав Сиренконы төрешілер шешімімен жеңген.
Бұл айқас Жалоловтың кәсіпқой бокстағы деңгейін бағамдайтын маңызды сынақтардың бірі болмақ. Өзбекстандық спортшы жеңіске жетсе, қатарынан 18-жеңісіне қол жеткізіп, аса ауыр салмақтағы беделді қарсыластармен кездесуге бір қадам жақындайды.
Бокс кешінің басты жекпе-жегінде британиялық Даниэль Дюбуа WBO тұжырымы бойынша әлем чемпионы атағын отандасы Фабио Уордлиге қарсы қорғайды. Қос боксшы бұған дейін мамыр айында кездесіп, Дюбуа 11-раундта техникалық нокаутпен жеңген еді.