1996 жылдан бері Қазақстан жазғы Олимпиада ойындарына қатысып келеді
Бүгін президент Қасым-Жомарт Тоқаев Париж Олимпиадасына қатысатын отандық спортшыларға еліміздің туын табыстады. 27 шілдеде басталатын Олимпиадада еліміздің байрағын боксшы Асланбек Шымбергенов пен жеңіл атлет Ольга Сафронова ұстайтын болды.
Жалпы, 1996 жылдан бері Қазақстан егемен ел ретінде жазғы Олимпиада ойындарына қатысып келеді. Алайда сол додаларда ту ұстаған спортшылардың тек екеуі ғана жүлде алыпты.
1996 жылы Атлантада өткен ХХVІ Олимпиадада бокстан Азия чемпионы Ермахан Ыбраймовқа сенім артылды. АҚШ-тағы төрт жылдықтың бас ойындарында ту ұстаған ол сол жолы 71 келіде қола жүлдеге ие болды.
2000 жылы Сидней Олимпиадасына аттанған қазақ спортшылары арасында ел туын тағы да Ермахан Ыбрайымов ұстады. 71 келіде бақ сынаған отандасымыз сенім үдесінен шығып, Олимпиада чемпионы атанды. Бұл туралы боксшы «Екі жыл бұрын алтын алатыныма уәде беріп едім. Сондықтан менде тек ел үмітін ақтаудан басқа жол болған жоқ. Тіпті, үшінші раундтан кейін 1 ұпай айырмасымен ұтылып жаттым. Бабым мен бағым қатар шауып, сол жолы алтыннан алқа тағындым» деген болатын.
2004 жылы Афиныда өткен ойындарда дзюдодан әлем чемпионатының қола жүлдегері Асхат Житкеевке ту ұстау міндеті жүктелді. Алайда, 100 келіде татамиге шыққан Житкеев қола жүлдеге бір табан жетпей тоқтады.
2008 жылы Бейжің Олимпиадасының қарсаңында президент Ақордада туды бокстан екі дүркін әлем чемпионы Серік Сәпиевке табыстады. Бірақ жарыс кестесіне байланысты Қытайдағы Олимпиаданың ашылу салтатында көк байрақты ауыр атлет Бақыт Ахметов көтеріп шықты. Өкінішке қарай, Ахметовтің бағы жанбай, жүлдеден тыс қалды.
2012 жылы Лондонда өткен Олимпиадада грек-рим күресінен әлем чемпионатының екі дүркін жүлдегері Нұрмахан Тінәлиевке ту табысталды. Бірақ, классик балуан алғашқы айналымда неміс спортшысынан айласын асыра алмай, құр қайтуға мәжбүр болды.
2016 жылы Рио Олимпиадасында Қазақстан туын тхэквондошы Руслан Жапаров ұстап шықты. Үміт артқан атлет жүлдеге қол жеткізе алмады.
2020 жылы Токиода өткен ойындарда алғаш рет әлем бойынша туды әр мемлекеттен екі спортшыдан ұстап шықты. Бұл жолы ел байрағын боксшы Қамшыбек Қоңқабаев пен Олимпиада ойындарының үш дүркін жүлдегері Ольга Рыпакова ұстап шыққан еді. Сол сында Қоңқабаев жартылай финалға дейін жетіп, қола жүлдеге қол созды. Ал Рыпакова іріктеу кезеңдерінде төмен ұпай жинап, Токио жүлдесіне қол жеткізбеді.
Биылғы сында, Асланбек пен Ольгаға жүктелген міндет жеңіл емес. Туды көтеріп шығумен қатар, Олимпиада жүлдесіне қол созу басты жауапкершілік болары анық. Ермахан Ыбрайымовтың салмағында сынға түсетін Асланбек Шымбергеновке Сиднейдегі жеңісті жол жұғысты болар ма екен…