Оның денесі туған жері Дағыстанда жер қойнына тапсырылады
Еркін күрестен Олимпиада ойындарының үш дүркін чемпионы Бувайсар Сайтиевтің денесі Шешенстан астанасы Грозныйға арнайы бортпен әкелінді.
Бір күн бұрын өмірден өткен белгілі спортшының мәйітін Грозный әуежайынан шешен халқы күтіп алған. Марқұм ауыр дерттен көз жұмды.
Енді оның мүрдесін жерлеу үшін қайтадан Дағыстанға жөнелтпек. Дума депутаты болған Сайтиев 1975 жылы Хасавюрт қаласында дүниеге келген. Белгілі болған ақпарат бойынша, спортшының денесі туған елінде жер қойнына тапсырылады.
Шешен ұлтының даңқты балуаны 1996, 2004, 2008 жылдары 74 келіде Олимпиада ойындарында үздік шықты. Сондай-ақ, ол әлем және Еуропа чемпионатында 6 мәрте чемпион атанған. Балуан тірі болғанда 11 наурыз күні 50 жасқа толатын еді.