Елордалықтар 5 алтын, 4 күміс және 2 қола иеленді
Бүгін Сингапурда өткен көркем гимнастикадан Азия чемпионатында бақ сынап, ел намысын абыроймен қорғаған Астана қаласының спортшылары елге оралды.
Халықаралық додада елордалық гимнастшылар жоғары нәтиже көрсетіп, жалпы есепте 11 медаль жеңіп алды: 5 алтын, 4 күміс және 2 қола.
Азия чемпионы Айбота Ертайқызы жарыс қорытындысы туралы пікір білдіріп, өз әсерімен бөлісті:
«Азия чемпионаты өте жақсы деңгейде өтті. Командаластарыммен бірге барынша тырысып, жаттығуларды мүлтіксіз орындауға күш салдық. Қарсыластар – Қытай, Өзбекстан, Жапония спортшылары өте мықты болды, бірақ біз де осал еместігімізді дәлелдедік», – деді жас гимнаст.
Айта кетейік, аталған жарысқа 19 елден 100-ден астам спортшы қатысып, бақ сынады. Осындай ауқымды додада топ жарған елордалық спортшылар ел мерейін үстем етті.