
Әділбек Мусин 100 метрге баттерфляй әдісімен жүзуден 4-орын алды
Барселонада жүзуден халықаралық турнирде Әділбек Мусин жүлдеге қол жеткізе алмады. Турнирдің алғашқы күні Қазақстан құрамасының спортшылары арасында Әділбек Мусин 100 метрге баттерфляй әдісімен жүзуден финалда төртінші орынға тұрақтады.
А және В финалдарында өнер көрсеткен спортшыларымыздың нәтижелері бойынша Ксения Игнатова 200 метрге арқамен жүзуде 8-орынға жайғасты. Ал 50 метрге арқамен жүзу бойынша ол 16-орын алды.
Арсен Қожахметов 50 метрге брасс әдісімен жүзуде 15-сатыға тұрақтаса, Софья Сподаренко 50 метрге баттерфляй әдісімен жүзуде 10-орынға ілінді. Сонымен қатар, Максим Сказобцов турнирді 100 метрге баттерфляй әдісімен жүзуде 14-орынмен аяқтады.
Испанияда жыл сайын өтетін беделді халықаралық турнир мамыр айының 21-22 күндері өтті. Бұған дейін жүзуден Қазақстан құрамасының көшбасшыларының бірі Әділбек Мусин ел рекордын орнатқан болатын. Ол баттерфляй әдісімен 50 метр қашықтықта Талдықорғанда өткен Қазақстан чемпионатында 23,36 секунд нәтиже көрсетті.