Ол жазда «Ливерпульден» кетеді
"Бавария" дегеніміз – неміс футболы. Келбеті. "Бавария" құлдыраса, неміс футболы да ырду-дырду болады. Өйткені, Германия ұлттық құрамасының да базасы осы командада жасақталады. Қазір ұлттық құрамада жүрген 24 футболшының бесеуі ғана "мюнхендіктер". Бұл – өте аз.
Қазір "Бавария" сапында да немістер азайып кетті. 26 футболшының 10-ы ғана неміс. Қалғаны легионерлер.
"Бавария" – бундеслига монополисі. Басқа клубтан жарқ етіп біреу шықса, сол "Бавария" қатарына көшеді. Алдағы уақытта Флориан Виртц, Джонатан Та сынды ойыншылар "Бавария" құрамына өтуі әбден мүмкін. Мануэль Нойер шаршаса, "Бавария" клубының негізгі қақпашысы Тер Штеген болып қалуы ықтимал. Қазір Тер Штегеннен оза шапқан басқа неміс қақпашысы жоқтың қасы.
2014 жылы әлем чемпионы болған Германия құрамасын қараңыз, команданың негізі – "мюнхендіктер". Негізгі құрамда 7 бірдей ойыншысы болды. Тіпті, ротация үшін емес, үнемі стартқа ілігетін ойыншылар:
Енді Юрген Клопптың кандидатурасына оралайық. "Бавария" басшылығы бас бапкер ретінде басымдықты үнемі неміс мамандарына береді. Өйткені, директорлар кеңесінен бастап барлық техперсоналға дейін немістер. Тіл ғана емес, менталитет те шешуші фактор (Карло Анчелотти мен Пеп Гвардиоланың да ұзақ тұрақтамағаны содан). Немісті немістен артық ешкім түсінбейді. Сондықтан, Юрген Клопп "Бавария" бас бапкері болса, неміс футболына жаңа леп әкеледі. Өйткені, "Бавария" сапына қосылған кез келген ойыншы автоматты түрде ұлттық құрамада ойнайды.
Неміс футболына Марио Гетце, Марко Ройс, Илкай Гюндоган, Матс Хуммельс, Кевин Гросскройтц сияқты ойыншыларды сыйлаған – Юрген Клопп. Дортмундта жүргенде бәрінің бағын жақты, ТОП футболшыға айналдырды. Аты аталған ойыншылар – бір парасы ғана (ішіндегі шын таланттар). Ал, "Боруссия Д" командасынан Юрген Клопп кеткен соң, орнын Томас Тухель басты. Тухельдің тұсында қай ойыншылар ТОП болды – Генрих Мхитарян, Пьер-Эмерик Обамеянг, Усман Дембеле... Біреуі де неміс емес.
Сол үшін Юрген Клопп неміс футболының флагманына айналуы керек. Клопп футболын дәргейіне жеткізіп ойнайтын жаңа есімдер шығуы керек, болмаса шығару керек. Кейде талант өзі туады, кейде тактикаға сай өзі гүл секілді бүр жарып шығады.
Юрген Клоппқа карт-бланш керек. "Бавария" қайта жасақталуға тиіс. Оған уақыт пен төзім керек.
Байқайсыз ба, немістерде бірде-бір мықты шабуылшы жоқ. Никлас Фуллкруг па? Ол қазір бундеслигада жарқырап жүрген Харри Кейн, Виктор Бонифас, Серу Гирасси, Лои Опенда сияқты форвардтардың жанында жіп есе алмайды.
Антонио Рюдигерден асқан қорғаушысы да жоқ. "Бавария" Германиядан бір неміс таппағандай, әбден шаршаған Эрик Дайерді шақыруы содан. Өйткені, мықты қорғаушы қат.
Бразилия футболы шабуылшы туса, Италия футболы қорғаушы туатын. Ал неміс футболы қақпашыны егіздеп әкелетін. Қазір Нойер мен Тер Штегеннен асқан қақпашы да жоқ.
Сондықтан, неміс футболы дағдарыстан шығуы керек. Футболшы көп, бірақ Франция, Англия, Португалия, Испания, қала берді Бельгиядағыдай таланттар шығып жатқан жоқ. Тіпті, Нидерланды мен Италиядан да таланттар шығып жатыр. Ал, талантты жазбай танитын күреңбайкөзді скауттар Юрген Клоппқа көмекші болып, ары қарай бағын жағу үшін көп жұмыс істеуі керек.
Джамал Мусиала – Месут Өзіл бола алмай жүр, Никлас Фуллкруг – Мирослав Клозе (Марио Гомес) бола алмай жүр, Леон Горецка - Бастиан Швайнштайгер бола алмай жүр, Йозуа Киммих – Тони Кросс бола алмай жүр...