Қазақстанда футбол деңгейі нөл. Айболдың “крышасы” кім? Шалдар, кетіңдер!

«Головкинге қарсымын»: журналист Несіп Жүнісбаев ҰОК басшылығына басқа адамды ұсынды

20.02.2024, 13:16

Ұйымды басқарған Тимур Құлыбаевтың отставкаға кететіні туралы бұған дейін айтылған

«Головкинге қарсымын»: журналист Несіп Жүнісбаев ҰОК басшылығына басқа адамды ұсынды
Facebook

26 ақпан еліміздің Ұлттық Олимпиада Комитетінің президенті ауысады дегелі ол орынға лайықты адамдарды ұсыну науқаны қызу жүріп жатыр. Алдын ала болжам бойынша, бұл орынға Геннадий Головкиннің болатыны айтылғанымен, оған қарсылық танытқандар қарасы байқала бастады.

Қызылорда облысының спорт басқармасын ұзақ жылдар бойы басқарған Садық Мұстафаев ҰОК басшылығы Дәулет Тұрлыновты лайық деп таныса, белгілі спорт журналисі, ардагер Несіп Жүнісбаев сол ойды қостап, өзінің Facebook-парақшасында жазба жариялады.

Несіп Жүнісбай бұл орынға Головкин келетін болса, оған үзілді-кесілді қарсы екенін мәлімдеп отыр.

«Бүгінде Қазақстанда "ҚР Ұлттық Олимпиадалық комитетіне Геннадий Головкин басшы болады екен" деген алыпқашпа сөз Астанадағы қарлы борандай ұлып тұр. Бұл әңгімені кімнің таратқанын білмеймін, егер рас болса, мен оған қарсымын! Соңғы жылдарға дейін Головкин кәсіпқой рингте жарқылдап көрінді. Біз сол жарқылға алданып отырмыз. Ал осыдан көп жылдар бұрын одан да асқан жарқылды керемет балуан Дәулет Тұрлыханов көрсетіп еді ғой… Головкин бір Олимпиаданың күміс жүлдегері болса, Дәулет екі Олимпиаданың жүлдегері, үшінші Олимпиадада төртінші орын алған саңлақ емес пе?! Бүгінгі әлемдік күрес өнерінде Дәулетті құдайдай силайтын жан жетерлік. Кеше ғана Дәулет Тұлыханов еліміздің спорт министрі (агенттік төрағасы) болды ғой, айналайындар-ау! Бүгінде бүкіл Азия құрылығының күрес өнерін басқарып отырған аймүйізді маман, әлем күрес өнері ұйымының Алқа мүшесі, одан асқан кім бар бізде?! Ғаламат спортшылығына қоса ел көлемі мен Халықаралық кеңістікте ұжым басқарып жүре алатын жан емес пе?! Ал,Головкин бүгінге дейін бір адам да басқарып, ысылмаған, ұжымдық тәртіптің дәмін татпаған жігіт қой! Ол жанға бір елдің тұтас Ұлттық Олимпиадалың комитетін қалайша сеніп бере салуға болады, ә? Ойланайық та аз-кем. Дәулеттің жөні мүлдем басқа. Өзі Парламент депутаты. Одан лайықты кім бар? Ел Ұлттық Олимпиадалық комитетін көрсеткің келсе нағыз алдында қасқайп тұрар батырымыз сол емес пе?!», - деп жазды Несіп Жүнісбаев.

Белгілі қаламгер Головкиннің ұлтына тиіспейтінін, тіпті, Дәулет Тұрлыхановты алмаған күннің өзінде ол орынға Ислам Байрамуковты таңдауға болатынын атады.

«Мен ешкімнің ұлтына тиіскелі отырған жоқпын. Мысалы Дәулетті алмасақ, Сидней олимпиадасында алмастай жарқыраған Ислам Байрамуковты таңдайық! Үлкен азамат, ұлтымыздың тілінде таза сөйлеп, елдегі небір маңызды істердің ортасында жүрген қайраткер жігіт! Исламның жәй өмірдегі ұстанымы, үлкенді үлкен, кішіні кіші деп бағалай алуы, ең бастысы, Қазақстанның әр ісіне асқан жанашырлықпен қарауы және сол үшін күресуі керемет! Нағыз сенімді де салмақты, қол басқаратын азамат! Боксшы керек болса, Лондон олимпиадасының алтынын мойнына тағып, оған қоса Вэл Баркер Кубогын ала келген Серік Сәпиев отыр сол Комитеттің жауапты жұмысында. Серік те көп сөйлемегенімен, ішіне қазына жинаған алтын жігіт. Міне ұзақ жылдардан бері еліміздің спорт майданында еңбек етіп, тәжрибе жинақтап алды. Спорт министрлігінің Спорт комитетін басқарды. Біле білсек, ол да бір бөлек министрлік! Осындай таңдаулар тұрғанда сонау Америкаға қоныс аударып алған, елге алыстан қол бұлғап қана жүрген Головкинді шақырғанымызға жол болсын. "Біреу біреудің малын ысқырып жүріп іздейдінің" кері келіп жүрмесін әлі. Генаның қол бастауға деген тәжірибесі де жоқ қой. Бұл шаршы алаңда екінші біреумен ғана жекпе-жек өткізетін жеке бастың шаруасы емес, ел намысы үшін, ұлттық мемлекеттің абыройы үшін небір үлкен сынақтан өтетін, тіпті әр қадамыңа есеп беріп, жақсы мен жаманды қос алақаныңа салып, салмақтап отыратын ақыл мен парасат тоғысқан, өмір көрген жанға лайық қызмет емес пе, жауапты жұмыс емес пе?! Сөз бастаудың да, қол бастаудың да қиындығын бабаларымыз жеріне жеткізіп айтып кеткен. Ал ҰОК ұжым басқаратын жанға таланттың керегі жоқ деп кім айтты?!», - деді Н.Жүнісбаев.

Еске салайық, бұған дейін ҰОК басшылығына келетін адам есімі мен вице-президенттер, Бас хатшының кім болатыны туралы сыбыс тараған болатын.

×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам