ҚФФ-ға жастар басшы болады. Олар ескі жүйені бұзып, жаңашылдық әкеле ала ма?

Министр Мырзабосыновтың олигарх басшыларды қызметтен алып тастауға шамасы жете ме?

02.11.2024, 12:45

Әзірге бірнеше федерацияда басшы ауысты

Министр Мырзабосыновтың олигарх басшыларды қызметтен алып тастауға шамасы жете ме?
коллаж: 1bol.kz

Париж Олимпиадасындағы сәтсіздіктен кейін спорт саласын тиімсіз менеджерлерден «тазалау» қажеттігі жиі айтыла бастады. Президент бастап, министр қостап, федерация басшыларын ауыстыру қажет деген байламға келді. Өйктені, мемлекеттен миллиардтар алатын осынау спорттық ұйымдар нәтиже көрсетпеуі былай тұрсын, жұмсаған ақшасына есеп те бермейді. Ал, бұл ұйымдардың әрбірін елге белгілі олигархтар және ірі шенеуніктер басқаратыны баршаға мәлім.

Әзірге «тазалау» жұмысы баяу болса да жүріп жатыр. Десе де, Болат Өтемұратов (теннис федерациясы), Даниал Ахметов (жеңіл атлетика фелдерациясы), Асқар Мамин (хоккей федерациясы) секілді «акулаларға» Спорт министрі Ербол Мырзабосыновтың шама-шарқы жете ме? Оларды орнынан қозғалта ала ма?

Әбіқаев демалысқа кетті

Жақында волейбол федерациясын үздіксіз 26 жыл басқарған Нұртай Әбіқаев орнын босатып берді. 78 жасқа қараған ақсақалдың орнын 1978 жылы дүниеге келген қазіргі Қаржы министрі Мәди Тәкиев басты.

Шыны керек, Тәкиевтің бұрын-сонды спортқа қызығушылығын байқамағанбыз. Бәлкім, министр болған соң, «ақша тартады» деген желеумен федерация тізгінін ұстата салды ма екен... ол жағы әзірге түсініксіздеу болып тұр. 47 жастағы шенеуніктің негізгі жұмысы шаш-етектен екені айтпаса да түсінікті, ол еліміздегі ең күрделі министрліктің бірін басқарып отыр. Яғни, мұндай жұмысбасты адам волейболды дамытуға уақытты қалай табады деген сұрақтың туындайтыны да заңды.

Нұртай Әбіқаев кейінгі жылдары биліктен босап қалған соң, волейболға аса қатты көңіл бөлмей кеткені бар. Федерация президенті деген аты болмаса, негізгі жұмысты бас хатшы Ермек Сырлыбаев атқарып жүрді. Федерацияда ақшаның аздығы да байқалатын. Елдегі волейбол жарыстарының деңгейі төмендеді. Бәлкім, осы проблемаларды толықтай болмаса да, біразын шешуге Тәкиев өзі кірісе ме деген үміт бар.

Әзірге бұл кадрлық ауыс-түйістен түйгеніміз, бір шенеунік кеткенімен, орнына екіншісі келіп жатыр. Егде тартқаны демалысқа шығып, жастауы тізгінді ұстады.

***

Қазір Қазақстанда жалпы саны 109 федерация бар екен. Оның ішінде 40-ы олимпиадалық спорт түрлері бойынша құрылған. Соның тек екеуін сол спорттың өкілдері басқарады. Қазақстан гимнастика федерациясын көркем гимнастика шебері Әлия Юсупова және грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясын өзі де даңқты балуан болған Дәулет Тұрлыханов ұстаған. Бірақ бұл екі басшыға да сын жиі айтылады. Қалған федерациялардың барлығында олигархтар мен шенеуніктер жайғасқан.

Ким кетті, Шамиев келді

Парижден кейін ауыс-түйіс болған федерацияның бірі – таеквондо. Франция астанасында бірде-бір спортшысы жүлде алмаған ұйымның басшысы, олигарх Вячеслав Ким кетіп, орнына 34 жастағы Кудрат Шамиев келді. Оның не қатыратынын алдағы әлем чемпионаттары мен Азия біріншілігінде көре жатармыз.

Құзырлы орган басшылары да федерацияларға құмар

Антикор, бас прокуратура, жоғары сот басқа да құзырлы органды басқарғандар да федерация тізгінін ұстағанды жақсы көреді. 

Бір кездері бас прокурор болып тұрғанда Қайрат Қожамжаров дзюдо федерациясының президенті болды. Ұзақ жылдар бас прокурор, қаржы полициясы, әділет министрі болған Рашид Түсіпбековтің бизнесмен ұлы Жанат Түсіпбеков қазір ауыр атлетика федерациясының басшысы. Антикордың экс-төрағасы Алик Шпекбаев та  Дүниежүзілік «Қазақ күресі» федерациясының президенті қызметін атқарған.

Экс-қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев та 2018 жылдан бері Бүкілқазақстандық қоян-қолтық ұрыс қауымдастығының төрағасы. 

Ал қазіргі еліміздің бас прокуроры Берік Асылов спорттық ату федерациясының президенті. Биыл Парижде бұл спорт түрінен бір қола медаль бұйырды (Александра Ле мен Ислам Сәтбаев).

Тоқаевтың көмекшісі екі ұйымды қатар басқарады

2022 жылдың желтоқсан айынан бастап Қазақстан дзюдо федерациясын сол кездегі «Қазақтелеком» төрағасы, қазіргі кезде Тоқаевтың кеңесшісі Қуанышбек Есекеев басқарады. Сонымен қатар,  Қазақстан киберспорт федерациясының тізгіні де осы Есекеевте. Одан бөлек, ол Qazaqstan Barysy Қазақ ұлттық күресін қолдау және дамыту қоғамдық қорының қамқоршылық кеңесінің төрағасы қызметін атқарады.

Айтпақшы, президенттің кеңесшісі Есекеев жас кезінде өзі де дзюдомен айналысқан көрінеді. 

Хоккей Маминнің «меншігіне» айналған

Нұртай Әбіқаев, Әділбек Жақсыбеков, Даниал Ахметов, Болат Өтемұратов сияқты саяси арена мен спорттың тізгінін қатар ұстағандардың бірі – Асқар Мамин. Ол ұзақ жылдардан бері – Қазақстан шайбалы хоккей федерациясының президенті, «Барыс» хоккей клубы қамқоршылар кеңесінің төрағасы. Сонымен қатар, Ұлттық Олимпиада комитетінің вице-президенті.

«Барыс» клубына жылда миллиардтаған қаржы бөлінеді. Бірақ, клуб бірде-бір рет Құрлықтық хоккей лигасында жүлдеге іліккен емес. Соңғы екі маусымда тіпті, екі соңғы орында келеді. Осы жылдар ішінде тек шетелдік легионерлер мен ресейлік ойыншыларды асыраудан алдына жан салған емес. Ал, олардың жалақысы қарапайым қазақтың түсіне де кірмейді.

Әрбір төрт жыл сайын федерация президентінің сайлауы өтіп тұрады. Бірақ Асқар Мамин орнын босатқан емес.

Болат Өтемұратов теннис федерациясында 17 жылдан бері отыр

Елдегі ең ауқатты байлардың бірі – Болат Өтемұратов. Ол Қазақстан теннис федерациясын 2007 жылдан бері басқарады. Иә, Болат Жәмитұлы елдегі теннис спортының дамуына біраз қаржысын салғаны жасырын емес. Қазақстанның бірнеше аймағында корттар бой көтерді. Ресейден топырлаған легионерлерді алдырды. Дэвис кубогында ерлер құрамасы біраз жыл жақсы өнер көрсетті. Бірақ, биылғы Париж Олимпиадасында сол легионерлердің әрекетінен кейін Өтемұратовқа да көп сын айтылды. Соған қарамастан, Өтемұратовтың әзірге орнын босата қоюуы да екіталай. 

Даниал Ахметовте жеңіл атлетика қалды

Ресми биліктен былтыр кеткен Даниал Ахметов  1999-2009 жылдары ҚР велоспорт федерациясының тізгінін ұстады. Соның тұсында «Астана» велокомандасы құрылып, легионерлердің арқасында әлемдік гранд-турларды жеңді. Кейін Ахметов Шығыс Қазақстанға барып, волейболға көңіл бөлді. «Алтай» командасы – елдегі ең бай клуб болды. Сосын Ахметов 2018 жылы жеңіл атлетика федерациясының президенті қызметіне кірісті. Әзірге осы орында отыр. Оның Африкадан алдырған желаяқтары Париж Олимпиадасында масқарасы шығып жеңілді. Жалпы, «спорт падишасы» саналатын бұл спорт түрі елімізде соңғы жылдары дамымай қалғандай. 

Велоспорт Смағұловтан Баталовқа өткен

Қазақстанның велосипед спорты федерациясын 2019-2023 жылдары бизнесмен Нұрлан Смағұлов басқарған. Бірақ былтыр мерзімі жеткенде ол орнын босатып берді. Сөйтіп, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының төрағасы Райымбек Баталов сайланды. 

Баталов велоспортта бұрыннан жүр. Азия велоспорт конфедерациясының (ACC) вице-президенті болған.

Түйін

Жоғарыда айтқанымыздай, федерация тізгінін ұстағандардың барлығы қалталы азаматтар әрі Назарбаев тұсында өте ірі саяси қызметтерде болған. Оларды алып тастауға жаңа тағайындалған министрдің шамасы жете ме? Ол жағы уақытың еншісінде, яғни жыл соңына дейін мәлім болып қалуы тиіс.

×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам