Шавкат бейнеленген ресми UFC мерчін алуға асық

Қатарда аш отырған бала көп, босаңсуға болмайды – Ризабек Айтмұханның әкесі әрі бапкері

04.11.2024, 11:48

Ризабек – үш жас санатында әлемді бағындырған қазақстандық жалғыз балуан

Қатарда аш отырған бала көп, босаңсуға болмайды – Ризабек Айтмұханның әкесі әрі бапкері
UWW

Қазақтың спорт тарихына есімін алтын әріппен жазып үлгерген даңқты балуан Ризабек Айтмұқан жуырда ғана U23 санатындағы әлем чемпионатында топ жарып, жанкүйерлерін тағы бір қуантты.

Ризабек қыркүйек айында да әлемді бағындырған, ол кезде отандасымыз Испанияда өткен U20 санатындағы әлем чемпионатында топ жарды. Ал, оның мансабындағы ең басты жетістігі – 2023 жылы Сербияда ересектер арасында әлем чемпионы атануы.

Болашағынан зор үміт күттіретін балуанның мұндай белестерді оңай бағындырмағаны анық. Қаншама тер төгілді… алған жарақатында да есеп жоқ. Бұған ел ішіндегі үлкен бәсекелестікті қосыңыз. Барлығы да үлкен еңбектің арқасында.

Ризабектің жетістікке қалай жеткенін оның бапкері әрі әкесі Қанат Жолдасбаевтан артық ешкім білмейді десек артық айтпағанымыз. Ұлын шәкіртіне айналдырып, ал шәкіртін чемпион еткен маманды арнайы құттықтап хабарластық, кеше аяқталған чемпионат, даярлық және жоспар туралы сөйлестік.

Ризабек қазақ күресінің тарихында болмаған жетістікке жетті

– Қанат аға, жеңіс құтты болсын! Көңіл-күйіңіз қалай?

– Рахмет! Алматыға келдік. Қуаныштымыз, Аллаға шүкір, мақсат орындалды. 

– Әлем чемпионаты қалай өтті?

– Әлем біріншілігіне тыңғылықты дайындалғанбыз, бәрі ойдағыдай өтті. Чемпиондық атақ үшін барып едік, Құдай қалап, жоспарымыз жүзеге асты. Тарихқа еніп отырмыз. Өздеріңіз білетіндей, еркін күрестен Қазақстанда үш жас деңгейінде бұрын-соңды әлем чемпионы болмап еді, міне, енді сол белесті бағындырдық. Жастарға үлгі болсын деп барымызды салдық. 

– Қай белдесулер қиын соқты?

– Әлем біріншілігінде осал қарсылас жоқ, кілең «сен тұр, мен атайын» дейтін балуандар жиналады. Біздің салмақта Дағыстан, Иран, АҚШ, Әзірбайжан және Еуропа елдерінің балуандары өте мықты. Кәрі құрлықта Италиядан бастап Словакияға дейін балуандар көп. Олар орта деңгейлі балуан дегенімізбен, күресте дәл болжам айту қиын. Бәрі бір сәтте өзгеріп шыға келеді. Сондықтан барлық қарсыласқа жеке дайындаласың, ізденесің, жан-жақты зерттейсің. 

20 жасқа дейінгілер арасында өткен әлем чемпионатының жартылай финалында америкалықпен, ал финалда әзірбайжандық спортшымен күрестік. Екеуі де қарымды, ересектер арасында екінші нөмірлі балуандар. 

Ал, 23 жасқа дейінгілер арасында басты қарсылас Иран балуаны болды. Ол өз елінің бірінші нөмірлі балуаны. Жартылай финалда ресейлікпен кездестік. Құдайға шүкір, бәрін жеңіп, чемпион деген атаққа жеттік.

Олимпиадаға баруға соңына дейін үміттендік

– Бұл біріншілікте Ризабек алтын медальға басты үміткер болды, өкінішке қарай, өзге балуандарымыз мүлде жүлдесіз қалды. Мұның үлкен жауапкершілік екені анық. Психологиялық қысыммен қалай күресті?

– Ризабек кәсіби спортшы ғой, сондықтан ол өз міндетін жақсы біледі. Ол әлем чемпионы атағына қол жеткізгенге дейін 23 жасқа дейінгілер арасында екі дүркін Азия чемпионы атанған. Ересектер арасындағы Азия біріншілігінде күміс жүлдеге ие болды. Яғни қай жарысқа қатысса да, басты мақсат – алтын медаль, ал нәтиже Алладан. Жалпы, тұңғыш дегеннің өзі үлкен жігер беретін ұғым ғой. Жастарға үлгі болу – мәртебе. 

– Бұл жарысқа дайындық қалай жүріп еді? Оқу-жаттығу жиындары, іріктеу белдесулер туралы айтып беріңізші.

– Өздеріңіз білетіндей, олимпиадалық циклге дайындалдық. Ақпан айында іріктеу кезеңі аясында Әлішер Ерғали деген балуаннан жеңілдік. Соған қарамастан бізге бабымызды жоғалтпау керек еді. Себебі лицензия нақты бір адамға берілмейді екен, тиісінше әртүрлі жағдай болып қалуы мүмкін екендігін түсіндік. Кейіннен Парижге Әлішердің қатысатыны нақтыланған соң, біз әлем біріншіліктерінде ешбір іріктеусіз бақ сынайтын болып шештік. Ризабектің бұған дейінгі атақтары ескеріліп, бізге жеңілдік жасалды. Бұған дейін мемлекеттік ту көтерілген жоқ, сондықтан сол олқылықтың орнын толтырамыз деген мақсат қойдық. 

Негізінен жаттығулар Алматы облысында, сонан соң Дағыстан, Осетия секілді елдерде ұйымдастырылады. 

Туризм және спорт министрлігі, федерация тарапынан қолдау көрсетіліп жатыр. Қазір Астана қаласының атынан өнер көрсетеміз, ол жақтан да көмек бар. Дәрумендер уақтылы алынады, ем, шығынның бәрі өтеледі. Соның арқасында бүгінгідей нәтижеге қол жеткізіп отырмыз.

Әлішер әділ жеңді, артық сөзді қою керек…

– Әлішер Ерғали Парижде жеңілген соң, көпшілік Ризабектің бармағанына ренішін білдіріп еді… Сіздерде де сондай сезім болмады ма?

– Бізге әу бастан-ақ Қазақстан біріншілігінде қай жеңгені лицензияға үміткер болатыны айтылған. Жолдама ала алмаса, Түркияда тағы бір мүмкіндік берілетіні ескертілді. Әлішер Ерғали әділ ұтты, тиісінше лицензиясына иелік етіп, Париждегі ойындарға қатысты. Бұл жерде артық сөздің керегі жоқ. Бірақ бізге босаңсымау керектігін айтты. Өйткені өмірде әртүрлі жағдай болуы мүмкін, ешкім жарақаттан сақтандырылмаған ғой. Біз Әлішер Парижге аттанғанша құрамамен бірге болдық. Сонан соң ғана әлем чемпионаттарына даярлыққа кірістік. 

– Жекпе-жек алдында Ризабекті қалай жігерлендіресіз?

– Әр бапкердің өз ерекшелігі бар, бірақ оның бәрін айта беруге болмайды, құпия болып қалсын. Дархан деген бапкермен бірге жұмыс істейміз, ол – еліміздегі үздік мамандардың бірі. Екеуміз заманауи әдістермен жаттықтырамыз, сондықтан ол туралы ешкімге айтылмайды. Қарсыластар біліп қоймауы керек дегендей.

Ризабек салмағын қайта өзгерте ме?

– Ризабек биыл жаңа салмақта күресіп жүр. 97 келіге бейімделу қаншалықты қиын болды?

– 97 келі олимпиадалық салмақ болғандықтан, осы келіге ауысуды мақсат тұттық. Салмақ ауыстыру оңай шаруа емес, ауыр салмақтарда бұл әсіресе қиын соғады. Себебі қимыл-қозғалыс өзгереді, жылдамдық пен физикалық күш мүлде бөлек. Кәсіби түрде спортпен шұғылданатын адамға жаңа салмаққа бейімделу үшін кемінде бір жыл қажет. Құдайға шүкір, біз жеті айдың ішінде осындай жақсы нәтижеге жеттік. Өзінің еңбекқорлығы мен жүйелі жұмыстың арқасында қатарынан екі әлем біріншілігінде үздік шықты. Бұдан былай тек 97 келіде күресеміз. Егер алдағы уақытта салмақ артып жатса, онда 125 келіге дайындаламыз. Бәрі денсаулыққа байланысты, егер салмағы өсіп жатса, оны қинап ұстап тұрмаймыз. Ақырындап қажетті салмаққа жеткіземіз.

– Ризабектің өзіне үлкен салмақ ыңғайлы ма?

– Дәл қазір 97 келі өте қолайлы. Сондықтан ешқандай мәселе жоқ.

– Ұлыңыз қандай бала болды?

– Кішкентайынан жауапкершілігі мол, тиянақты болды. Сабағын да тастаған жоқ, оқу үлгерімі жақсы болды. Адамға білім керек, спорттық карьерасын аяқтаған соң да өмір сүруі керек қой. Үш тіл біледі, жан-жақты.

Ризабектің інісі де болашағынан үміт күттіретін балуан

– Ризабектен бөлек қандай шәкірттеріңіз бар?

– Ризабектен бөлек тағы бір ұлым Әлішер де еркін күреспен шұғылданады. Одан басқа Нұрсейіт, Бағлан деген шәкірттеріміз бар. Дархан екеуміз қоян-қолтық жұмыс істейміз. Он жылдан астам уақыт бойы атқарылған жұмыс нәтижесін көріп жатырмыз. 

– Екінші ұлыңыз Әлішер қай салмақта белдеседі?

– 2005 жылғы, 79 келіде өнер көрсетеді. Кадеттер арасында Қазақстан чемпионатының күміс жүлдегері, әлем чемпионатына қатысып, үшінші-төртінші орынға таласта ұтылған. Әлеуеті бар. Алла қаласа, тағы екі жылдан соң бабы ашылады деп ойлаймын. 

– Маман ретінде еліміздің еркін күресінің даму деңгейіне қандай баға бересіз?

– Әлеуеті жоғары жастарымыз көп. Осы біріншілікте 57 келіде 18 жастағы Алан Оралбек үшінші орынға таласты. Ол соңына дейін күресті, беріле салған жоқ. 70 келідегі Ернұр Нұрғазы да соңғы секундқа дейін барын салатын балуан. Иранның мықты спортшысымен күресіп, тек 1 секунд қалғанда «рабочий» ұпаймен есе жіберді. Кемінде екі-үш айналымға баратын балалар көп. Тағы бір-екі жылда шыңдала түсіп, талай додада атой салатын жастарымыз баршылық. Капитанымыз Азамат Дәулетбековтің өзі де өзгелерге үлгі, ересектер арасында әлем чемпионатының екі дүркін қола жүлдегері. Оның үстіне күресте жұрт қызыға қарайтын 86 келіде кем дегенде үздік үштікке кіреді. Екі дүркін Азия чемпионы деген атағы тағы бар. Еркін күрестің болашағы зор деп сеніммен айта аламын. Тек аздап бап пен бақ қатар шаппай тұрған шығар.

КСРО-да орыс балуандарына басымдық беріліп, қазақтар шетте қалып қойды

– Күрес дегенде әдетте ШҚО, Алматы облысы тілге келеді. Ал өздеріңіз туып-өскен солтүстік өңірде күрестің бүгінгі даму деңгейі қандай?

– Спорт тарихында Ахметжан Қазымбетов есімді ағамыздың алар орны ерекше. КСРО-ның 12 дүркін чемпионы. Мақтана айтатын жерлесіміз. Кеңес заманында басымдық орыстарға берілді, қазақтың мықтылары шетте қалып қоя беретін. Жақсылық Үшкемпіров ағамыздың өзі Олимпиадаға 28 жасында барды. Егемен ел болған соң жағдай өзгерді. Соның арқасында тәуелсіздік жылдары туған балалар бүгін спортта тәуір нәтиже көрсетіп жатыр. Құрамада жүрген Нұрқожа Қайпанов та СҚО-ның тумасы. 2019 жылы небәрі 19 жасында елордамызда өткен әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанды. Қазір жастар арасында көптеген бала бар, тек уақыт керек. 

– Ризабектің салмағындағы бәсекелестік жайлы айта кетсеңіз. Үздіктерден озу үшін мықтылармен дайындалу керек дегендей...

– Дұрыс айтасыз. АҚШ, Ресейдің күрес мектептерінің деңгейі жоғары. Сол жаққа оқу-жаттығу жиындарына қатысып, үйренгенін елімізде шыңдаса да жетіп жатыр. Құдай қаласа, тағы 5-6 жылда ішкі бәсекелестік те өседі.

– Ұлыңыз бойшаң, денелі. Кімге ұқсаған? 

– Атама ұқсаған. Ол кісі де алып денелі болған. Ахметжан Қазымбетовтің заманында екі дүркін Қазақстан чемпионы атанған, өкінішке қарай, өмірден ерте өтті. Балуандардың ұрпағымыз. Біз жас кезде қаржыландыру жоқ еді, сондықтан алысқа шаба алмадық. Оқу-жаттығу жиындары, дәрумендер, киім-кешек – оның бәрі қып-қызыл ақша. Сол қолбайлау болды. Есесіне бүгінде балаларымызға мүмкіндік мол.

Ризабекті еркін күреспен айналысуға мәжбүрледік…

– Ұлдарыңыз еркін күресті өздері таңдады ма, әлде сіздің қалауыңыз ба?

– Ризабек 10 жасынан бастап еркін күреспен шұғылданады. Бастапқыда қарсы болған, бірақ мәжбүрлеп қатыстыру арқылы біртін-біртін еркін күреске деген махаббатын ояттық. 

– Балаларыңыздың бәрі спортқа жақын ба?

– Үш қыз, үш ұлым бар. Қыздарым оқуға ден қойса, екі ұлым еркін күреспен шұғылданады. Ал кіші ұлым енді үш жасқа толады. Әлішер спорт колледжінде оқиды, ал Ризабек Туризм және спорт академиясында білім алады. Болашақта басқа мамандық бойынша екінші жоғары білім алады деп жоспарлап отырмыз. 

– Анасы да жекпе-жектерін қалдырмай көретін шығар?

– Әрине, отбасымызбен спортқа қызығамыз. Анасы қосымша күш беретін адамы ғой. Жарақат алып қалмаса екен деп уайымдайды. Атасы мен әжесі де үнемі қолдап отырады. Ризабектің жетістігі сол кісілердің тілеуінің арқасы да шығар. 

– Ұлыңның бапкері болу қаншалықты қиын?

– Ұлыңа ең алдымен шәкірт ретінде қарайсың. Жаттығуда, жарыста балаң екенін ұмытуың қажет. Бірақ үйде әке мен бала ретінде әңгімелесеміз, үйде спорт туралы мүлде сөйлеспейміз. 

– Биылға тағы қандай жоспар бар?

– Желтоқсан айында Тараз қаласында Қонаев атындағы турнир өтеді, соған қатысамыз деген ниет бар. Бірақ оның алдында жарақаттарды емдеп алу керек. Күрес болған соң, тізе, қол жиі жарақаттанады. Ризабек Астанаға оралған соң бір аптадай демалады, қалпына келуі керек.

Мақсат – Олимпиада чемпионы атану

– Ризабектің өзі де ендігі мақсат Олимпиада ойындарында топ жару екенін жазды. Бұл жолда атқарылатын жұмыстар қандай болмақ?

– Лицензия алу керек. Жапонияда Азия ойындарында чемпион атанып, сонан соң Лос-Андежелесте Қазақстан туын желбіретуге тырысамыз. Оған дейін жүйелі жұмыс атқарылады. 

– Өзіңіз көріп жүргендей, қоғам болып топ жарған спортшыларымызды аспанға көтереміз. Той-томалаққа шақырамыз, ал оның кесірі кейіннен спортшыға тиіп жатады. Ризабекке де осындай қауіп төнеді деп қорықпайсыз ба?

– Ризабек кәсіби спортшы, ол тым көп демалып қойса, қайта қалыпқа келу қиын соғатынын жақсы біледі. Қатарда аш отырған балалар көп, босаңсуға болмайды. Сондықтан 10-15 күн демалып, қайта жаттығуға кірісеміз. 

Бірақ іс-шараларды шегеріп тастай алмайсың, бүгінгі заманның бір талабы. Ешқайда бармаса, Ризабек дегенді де ешкім танымайды. Ол жан-жақты шыңдалуы керек. Сұхбат беру, көпшіліктің алдында сөйлей алу – спортшыға керек қасиеттер. Оған да үйрену керек. Спорттық мансабын аяқтаған соң федерацияда немесе министрлікте жұмыс істеп жатса, сол жан-жақтылығының пайдасы тиеді.

×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам