Ермаштың Бразилиядағы оқиғасы: 20 минут картинасыз тікелей эфир жүргізіп, Ұлттық арнаны "құтқарды"

Қазақстанда қаржыға мұқтаж клубтар көп. Ломтадзе неге ағылшын клубын сатып алды?

18.10.2024, 16:30

Ағылшын клубы миллиардердің хоббиі ме, әлде мұнда да саяси астар бар ма?

Қазақстанда қаржыға мұқтаж клубтар көп. Ломтадзе неге ағылшын клубын сатып алды?
коллаж: 1bol.kz

Биыл мамыр айында қазақстандық миллиардер – Kaspi.kz компаниялар басқарма төрағасы, Forbes миллиардерлер тізімінде әлем бойынша 581-орынға жайғасқан Михаил Ломтадзе Wycombe Wanderers атты ағылшын футбол клубын сатып алды. Дұрысы, ғасырдан астам тарихы бар футбол командасының 90% можаритарлы акциясы Ломтадзеге тиесілі Blue Ocean Partners Ltd компаниясына өтті.

Бүгін біз не себепті қазақстандық миллиардердің ағылшын клубына «әуесі кеткенін» жазып көрмекпіз.

Англияда футбол клубтары Қазақстандағыдай әкімдіктен ақша алып жұмыс істемейді. Рас, футбол Англияда туған және ағылшын даласында футбол атмосферасы аспандап тұр. Бұл елдің азаматтары бір жерде жұмыс істейді және көзі тірісінде тек бір клубқа (статусына қарамай) жанкүйер болып өтеді. Өмірде ажырасуы мүмкін, бірақ клубынан ешқашан бас тартпайды. Ғасырлар бойы қалыптасқан менталитет сондай. Талапшыл, ырымшыл, жанкешті. Келген инвестор тек ақша салмайды, ғасырлар бойы сүзгіден өткен футбол клубы мен оның жанкүйерлерінің құндылықтарын құрметтеуге тиіс.

Михаил Ломтадзе осының бәрін біліп барды деп сенеміз. Тыңғылықты зерттеп, қай клубқа инвестиция салатынын болжады деген ойдамыз.

Клуб орныққан қала – Хай-Уиком ел астанасы Лондоннан алыс емес. Халық саны бойынша Лондоннан кейінгі Бирмингемге де бірер сағаттық жерде орналасқан. Инвестор үшін географиясы ыңғайлы.

Алайда, қазір футбол клубына қап-қап ақша салсаң команда аяғынан нық тұрып, қарсыластың бәрін қоғадай жапырады деген түсінік ескірді. Бұл тәсіл Роман Абрамович «Челси» клубын, шейх Мансур «Манчестер Сити» командасын сатып алғанда тиімді болды. Бірақ қазір емес. Қазір футбол клубтарына инвестициядан бөлек мықты менеджмент, инфрақұрылым, қаржы «фейр-плейін» аттап өтпейтін заң шеңбері қажет.

Дәл қазір Англияда «Манчестер Сити» бойынша дау-дамай басталды. 2023 жылы британ үкіметі футбол индустриясын бақылайтын арнайы орган жасақтап, біз білмейтін талай былықтарды ашуға кірісіп кетті. Айыппұл, ұпайынан айыру, турнирден шеттету, трансферлік «бан» сияқты шара қолдануға көшті. Тіпті, Англияның азулы командасына айналған «Манчестер Сити» командасының 2009/10 және 2017/18 маусым аралығында 115 түрлі заң бұзуға жол бергені анықталып, бұл істі тиісті органдар майшаммен қарауға кірісті. Егер клубтың қаржы «фейр-плейін» ескермегені анықталса, Ағылшын футбол лигасы ең қатал шараларға баруы мүмкін.

Ломтадзе сатып алған Wycombe клубы да Ағылшын футбол лигасының ерекше назарында. Клубтың табысы, трансферге жұмсаған ақшасы – бәрі ұйымның бақылауында. Сондықтан, табыс көзі Қазақстанда орналасқан Ломтадзе үшін бұл «ауыр миссия».

Wycombe клубының әлеуметтік желідегі парақшасын бір шолып шықтық. Михаил Ломтадзе де «Челси» клубының өз стадионындағы матчтарын жібермейтін Роман Абрамович, «Сити» ойынын үнемі тамашалайтын шейх Мансур секілді жүре ме деп ойлап едік, қатты қателесіппіз. Сайда саны, құмда ізі жоқ. Әсілі, клуб жетекшісі команданың нөмір бірінші жанкүйері болуға тиіс.

Ломтадзеге тиесілі компанияның ағылшын клубының 90% можаритарлы акциясын сатып алғаны ресми айтылғанымен, команданы нақты қанша қаржыға сатып алғаны туралы ақпарат жария етілмеді.

Transfermarkt ақпаратына сүйенсек, клуб басшылығы ауысқалы Wycombe әлі бірде-бір футболшыны сатып алмаған. Еркін агент және жалға алу. 2025 жылы да нақты бір футболшыны сатып алу жайлы жоспары жоқ – еркін агент және жалға алу.

Wycombe өткен маусымда Англия бірінші лигасын 10-орынмен аяқтаған. Биыл команда 6-орында келе жатыр. Егер маусымды осы үздік алтылықтың ішінде тәмамдаса, келесі маусымда Чемпионшипте ойнау мүмкіндігі бар. Чемпионшип – мәртебесі жағынан Ағылшын премьер-лигасынан кейінгі тұрған турнир. Егер Wycombe Чемпионшипке жолдама алса, клубтың трансферге жұмсайтын мүмкіндігі де өседі. Өйткені, трансфер клубтың табысы мен шығынына тікелей байланысты.

Команда өскенде мықты футболшылар да керек. Одан бөлек, матчты стадионнан тамашалайтын жанкүйер саны да өртеңге шыққан шөптей көбейеді. Дәл қазір Wycombe футболшылары доп тебетін «Adams Park» стадионы 10 мың адамға шақталған. Инфрақұрылымға бас қатыру керек. Әрине, 2023 жылы тарихында бірінші рет АПЛ-да ойнаған «Лутон Таун» стадионы да 10 мың адамдық. Бұл қаржылық жағынан қиындық туғызды. Жанкүйердің қажетін өтей алмады. Ниеттілердің бәрі стадионға кіре алмай пұшайман болды.

Михаил Ломтадзе – Англиядан футбол клубын сатып алған бірінші миллиардер емес, тіпті соңғысы да болмайды. Бірақ бәрі миссиясын толық орындап шықты дей алмаймыз. Кез келген клубтың қарызы – банк алдындағы берешегі көп. Тіпті клуб пайда таппаған соң «талақ» айтқан инвесторлар қаншама.

Wycombe – Ломтадзенің кәсібі ме, әлде хоббиі ме? Команда пайда әкеле ме, әлде бұл Ломтадзенің мауқын басатын сауық алаңына айнала ма? Әлде бұл жерде біз білмейтін саяси астар бар ма? Сұрақ көп.

Ал енді өзіміздің футболға оралайық. Қазақстанда инвесторға сусап отырған футбол клубтары шашетектен. Тек Қайрат Боранбаев «Қайрат» базасын халықаралық стандартқа сайт етті демесеңіз, қалған клубтардың бәрі мемлекет қолынан «жем жеп» келеді. Осы сұрақты Ломтадзеге де қойып көруге болады. Егер футболға қатты әуес болса, неге елдегі командалардың бірін таңдап алмады? Шартты түрде «Каспий» клубын алайық. Тіпті команданың атауын да ауыстырып әуре болмайды. Банк пен команда атауы үндесіп, тамаша тандем құрауға болар еді.

Ломтадзе жеке қаражатына Марстан машина, Юпитерден ювелир сатып алса да өз еркі. Бірақ елдегі бір клубтың бағын ашып, сосын барып Еуропаға жорығын бастаса, Kaspi.kz тұтынушыларының көңілінен шығатын бір игі іс тындырған болар еді.

×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам