Ермаштың Бразилиядағы оқиғасы: 20 минут картинасыз тікелей эфир жүргізіп, Ұлттық арнаны "құтқарды"

«Қазақтардан жеңілген»: түрмеде жатқан әйгілі моңғол дзюдошысы туралы не білеміз?

28.01.2024, 12:51

Ол өз досын өлтіріп алған

«Қазақтардан жеңілген»: түрмеде жатқан әйгілі моңғол дзюдошысы туралы не білеміз?
Фото ашық дереккөзден

Моңғол елінің тұңғыш Олимпиада чемпионы Тувшинбаяр Найдангийннің есімі әлемдік дзюдода ерекше аталады. Екі Олимпиадаға қатысып, финалға шыққан ол өз салмағында әлем үздігі болған спортшы.

Спорттық мансабында әлемдегі айтулы жарыстардың жүлдесін алған Найдангийин беріде Моңғолия Олимпиада комитетінің президенті болды. Алайда, жаза басып, мас күйде жақын досын өлімші етіп сабауы оның тағдырына түбегейлі балта шапты. Осы әрекеті үшін ол қылмыстық жауапкершілікке тартылып, бірнеше жылға сотталып кеткені баршаға белгілі. Дегенмен, оның спорттағы айтулы жетістігі өз елінің ғана емес, әлемдік дзюдо тарихында алтын әріптермен жазылғаны сөзсіз.

Найдангийн алғаш рет Бейжіңде өткен Олимпиада ойындарында жасындай жарқыраған еді. -100 келіде финалға шыққан ол отандасымыз Асхат Житкеевтен басым түсіп, өз еліне Олимпиаданың алғашқы алтынын тарту етті. Кейін Лондондағы ойындарда финалға шығып, шешуші белдесуде ресейлік Тагир Хайбуллаевқа есе жіберіп, күмісті місе тұтқан. 

Бұдан бөлек, дзюдошының Рио олимпиадасына қатысқаны тағы бар. Алайда, Оңтүстік Америка құрлығында өткен кезекті Олимпиада ойындары моңғолдың айтулы балуаны үшін сәтсіз аяқталды. 

Тувшинбаяр Найдангийн сонымен қатар, әлем және Азия чемпионатының жүлдегері. 2014 жылы Азия ойындарына қатысып, финалда қазақстандық дзюдошы Максим Раковтан басым түсті.

Айта кететін бір жайт, Найдангийн үшін бұған дейінгі қос Азиада сәтсіз болған еді. Сол сындарда оның жолын Қазақстан дзюдошылары кескенін көпшілігі біле бермейді.

Мәселен, 2006 жылы Катар астанасы Дохада өткен Азия ойындарында аса ауыр салмақтың қола жүлдесі үшін шешуші кездесуінде Елдос Ықсанғалиевтен ұтылды. Бұл оның дзюдодағы ең ірі жарыстарының бірі болды. Әрі сол кезде оның екі жылдан кейін Бейжің олимпиасында топ жаратынын ешкім білген жоқ еді.

Ал, 2010 жылы Қытайдың Гуанчжоу қаласында өткен Азия ойындарында оның жолын Максим Раков кесті. Бұл жолы да қос балуан қола жүлде үшін таласқан. Белдесуді қазақстандық дзюдошы жеңіп, Азия ойындарындағы екінші жүлдесін қанжығасына байлаған еді.

Осылайша Моңғолияның даңқты дзюдошысының қос ойындардағы жолына отандық татами шеберлері нүкте қойған-ды. Найдан туралы Моңғолияның Баян Өлгей аймағында тұратын этникалық қазақ, белгілі бапкер Бақыт Однайұлы бір әңгімесінде естелігімен бөліскен-тін. Оның айтуынша, моңғол дзюдошысы кезінде қазақ күресімен шұғылданып, Алматыда өткен Азия біріншілігінде күрескен екен.

«Найдангийн дзюдошы ретінде жақсы табысқа қол жеткізе алды. Дегенмен, оны кезінде қазақ күресінен Моңғолия құрамасында жаттықтырғаным бар. Тәп-тәуір күресіп жүрген соң Алматыда өткен ауқымды жарысқа апардым. Әрине, ол кезде Найдангийн болашақта Олимпиада чемпионы болады деген сенім түгіл ондай ой ешкімнің де басына келмеген шығар. Десе де, ол өзінің мақсаты жолында дзюдода биікке шыға алды», - деді Бақыт Однайұлы.

Өкініштісі сол, Найдангийн 2021 жылдың 26 сәуірінде моңғол сотының үкімімен 16 жылға бас бостандығынан айырылды. Ол сол жылдың басында дзюдошы әрі жақын досы Эрденебилег Энхбатты өлімші етіп сабағаннан кейін, жапа шегуші 8 айға жуық жансақтау бөлімінде жатып марқұм болған еді.

×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам