Сот үкімі алдағы күндері шығарылады деп күтілуде
Талғар қаласында атышулы «Хуторлықтар ісі» бойынша айыпталып жатқан Хасан Қасымбаевқа қатысты сот процесі соңғы кезеңіне жақындады. Прокурор айыпталушыға 15 жыл бас бостандығынан айыру жазасын сұрады.
Тергеу нұсқасы бойынша, 2021 жылы Хасан Қасымбаев ережесіз жекпе-жек жаттықтырушысы Арман Әлімовті ұрлап, ауыр дене жарақатын салған деп айыпталып отыр.
Сонымен қатар оған 2016 жылы кәсіпкер Аюпжан Тәжіевке шабуыл жасау ісі бойынша да айып тағылған.
Айыпталушылар қатарында Қасымбаевтан бөлек тағы бес ер адам бар:
Руслан Әлиев, Мадияр Қалымжанов, Сайлау Ақтанов, Нұрмұхаммет Сұлтанбеков және Данияр Асқаров.
Барлығы сотта өздеріне тағылған айыптардың жалған және қолдан жасалғанын мәлімдеді.
Мемлекеттік айыптаушы Ерлан Құланбаев сот отырысында Қасымбаевқа 15 жыл түрме жазасын және айыпталушылардан жәбірленуші тарапқа бес миллион теңге моральдық өтемақы өндіруді сұрады.
2024 жылдың 2 қарашасында Хасан Қасымбаев уақытша ұстау изоляторына қамалған болатын.
Сот процесі ашық түрде өткеніне қарамастан, журналистерді залға кіргізбеген, сондай-ақ куәгерлер мен жәбірленушілердің мәлімдемелерін жариялауға тыйым салынған.
Айыпталушылар сотта өз құқықтарының бұзылып жатқанын айтып наразылық білдірсе, жәбірленушінің анасы үш күдіктіге қатысты іс қозғалмағанын айтып, апелляциялық шағым түсіретінін мәлімдеді.
Хасан Қасымбаевтың есімі елге өткен жылы белгілі болған. Оны бұған дейін «Хуторские» деп аталатын ұйымдасқан қылмыстық топпен байланыстырған.
Бұл топ 16 жастағы Шерзат Болаттың өліміне қатысы бар деген болжам айтылған.
Алайда Қасымбаев өзінің қылмыстық әлемге еш қатысы жоқ екенін және өзіне тағылған айыптардың ойдан құрастырылған екенін мәлімдеген.
Сот үкімі алдағы күндері шығарылады деп күтілуде.