26 жастағы қазақстандықтың қарсыласы колумбиялық Альбейро Паредес болды
Қазақстандық кәсіпқой боксшы Евгений Павлов АҚШ-тың Мэриленд штатында өткен бокс кешінде жеңіске жетіп, бірден екі чемпиондық белбеудің иегері атанды.
26 жастағы қазақстандықтың қарсыласы колумбиялық Альбейро Паредес болды. Екінші жеңіл салмақта өткен жекпе-жек сегіз раундқа жоспарланғанымен, алғашқы раундтың өзінде аяқталды. Павлов қарсыласын нокаутқа түсіріп, мерзімінен бұрын жеңіске жетті.
Бұл кездесуде WBC Continental Americas және North American Boxing Association (NABA) нұсқалары бойынша бос тұрған өңірлік чемпиондық белбеулер сарапқа салынған еді. Қазақстандық боксшы рингте толық басымдық танытып, екі титулды да өз еншісіне жазды.
Осылайша Евгений Павлов кәсіпқой бокстағы жеңіліссіз сериясын жалғастырып, рекордын 12 жеңіске дейін жеткізді. Ал Альбейро Паредес кәсіби мансабындағы үшінші жеңілісіне ұшырады.