Асхат Жантұрсынов Өзбекстан өкілімен жұдырықтасады
Қазақстандық кәсіпқой боксшы Асхат Жантұрсынов (11-1, 10 KO) 31 қазанда Ақтөбеде өтетін бокс кешінде Өзбекстан өкілі Абдуллазиз Матазимовпен (15-18, 7 KO) кездеседі.
Жекпе-жек аса ауыр салмақ дәрежесінде өтіп, алты раундқа жоспарланған. Бұл Жантұрсынов үшін 2026 жылғы екінші кездесу болмақ.
Қазақстандық боксшы биыл қаңтарда Таиландта шаршы алаңға шығып, жергілікті спортшы Аписит Сангмуангты (24-16-2, 19 KO) техникалық нокаутпен жеңген еді.
Ал Абдуллазиз Матазимов соңғы жекпе-жегін сәуірде Түркияның Ризе қаласында өткізді. Ол түркиялық Самет Эрсойға (5-0, 5 KO) нокаутпен есе жіберді. 39 жастағы өзбекстандық боксшы қатарынан алты жекпе-жекте мерзімінен бұрын жеңіліп отыр.
Бокс кеші аясында қазақстандық Саматәлі Төлтаев (8-0, 4 KO) бұрын WBA нұсқасы бойынша жеңіл салмақта әлем чемпионы болған панамалық Хесреэль Корралеспен (27-8, 10 KO) жұдырықтасады. Бұл кездесуде IBF Pan-Pacific белбеуі сарапқа салынады.
Ал кештің басты жекпе-жегінде қазақстандық Армат Арманұлы (7-1, 5 KO) Уганда өкілі Шадири Муса Бвогимен (11-1, 5 KO) кездеседі. Екі боксшы WBA Asia чемпиондық белбеуін сарапқа салады.