Ресми: Жәнібек Әлімханұлы әлем чемпионы атағына таласады

WBO әлеуметтік желідегі парақшасында екі боксшының чемпиондық белбеу үшін кездесетінін мәлімдеді

x.com/WorldBoxingOrg
x.com/WorldBoxingOrg

Қазақстандық кәсіпқой боксшы Жәнібек Әлімханұлы (17-0, 12 KO) Дания өкілі Якоб Банкпен (20-0, 11 KO) жұдырықтасады. Бұл кездесуде екінші орта салмақтағы WBO тұжырымы бойынша бос тұрған әлем чемпионы белбеуі сарапқа салынады. Жекпе-жекті Дүниежүзілік бокс ұйымы (WBO) ресми түрде растады.

WBO әлеуметтік желідегі парақшасында екі боксшының чемпиондық белбеу үшін кездесетіні туралы мәлімдеді.

«Келісім жасалды! Әлімханұлы мен Банк екінші орта салмақтағы WBO тұжырымы бойынша бос тұрған әлем чемпионы белбеуі үшін жұдырықтасады. Бұл қарсыластықтан не күтуге болады?» – делінген ұйымның жазбасында.

Бұған дейін WBO екі боксшының командасына жекпе-жекті өткізу жөнінде келісімге келу үшін 7 қазанға дейін уақыт берген еді.

Чемпиондық белбеу британдық Хамза Шираздың Жәнібек Әлімханұлымен кездесуден бас тартып, титулды босатуына байланысты иесіз қалған.

Осылайша, қазақстандық боксшы тағы бір әлем чемпионы атағын иеленуге мүмкіндік алды. Оның қарсыласы Якоб Банк те кәсіпқой мансабында әзірге жеңіліп көрмеген. Дат боксшысының еншісінде 20 жеңіс бар, оның 11-і нокаутпен аяқталған.

Айта кетейік, бұған дейін Жәнібек Әлімханұлы орта салмақтағы WBC чемпионы Карлос Адаместің Zuffa Boxing ұйымына ауысуына қатысты пікір білдірген еді.

×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам