Адамес Zuffa Boxing лигасымен келісімшартқа қол қойған
Орта салмақтағы WBC чемпионы Карлос Адамеске 17 қарашада салмақ дәрежесінен жоғары деңгейде титулсыз жекпе-жек өткізуге рұқсат берілді. Дегенмен Доминикан Республикасының өкілі жеңіліп қалса, чемпиондық белбеуінен айырылады.
Ал жеңіске жеткен жағдайда келесі кездесуін қазақстандық Мейірім Нұрсұлтановқа қарсы өткізуге міндетті.
Бұған дейін Адамес Zuffa Boxing лигасымен келісімшартқа қол қойған еді. Осыдан кейін боксшы Дүниежүзілік бокс кеңесінің (WBC) басқарушылар кеңесіне жүгініп, 17 қарашада өз салмақ дәрежесінен жоғары деңгейде титулсыз жекпе-жек өткізуге рұқсат сұраған. Ұйым оның өтінішін қанағаттандырды.
Алайда WBC Адамеске қатысты нақты шарт қойды: егер ол алдағы жекпе-жекте жеңілсе, чемпиондық белбеуі бос деп жарияланады. Ал жеңіске жетсе, келесі қарсыласы міндетті үміткер Мейірім Нұрсұлтанов болуы керек.
«Адамес жеңіске жеткен жағдайда оның келесі қарсыласы WBC тұжырымы бойынша міндетті үміткер Мейірім Нұрсұлтанов болуы тиіс. Ал Адамес пен Нұрсұлтанов арасындағы жекпе-жектің жеңімпазы WBC-дің уақытша әлем чемпионы Хесус Рамос кішімен кездесуі керек», – делінген ұйымның мәлімдемесінде.
Адаместің чемпиондық белбеуді қорғау жөніндегі міндеттемелері 8–13 қараша аралығында Мексиканың Акапулько қаласында өтетін WBC-дің жыл сайынғы конгресінде қайта қаралады.
Айта кетейік, Мейірім Нұрсұлтанов WBC рейтингінде бірінші орында тұр және 2023 жылдан бері чемпиондық мүмкіндік күтіп келеді. Қыркүйек айында қазақстандық боксшы Хесус Рамоспен уақытша чемпиондық белбеу үшін жұдырықтасуы керек болған. Алайда америкалық боксшы салмақ қуу кезінде тағамнан улануы мүмкін деген күдікке байланысты жекпе-жектен бас тартты.