Даниялық боксшы жекпе-жектің өтетін күнін атады
Қазақстандық кәсіпқой боксшы Жәнібек Әлімханұлы (17-0, 12 KO) Дания өкілі Якоб Банкпен (20-0, 11 KO) WBO тұжырымы бойынша екінші орта салмақтағы бос әлем чемпионы белбеуі үшін жұдырықтасуы мүмкін. Даниялық боксшы Sports.kz басылымына берген сұхбатында жекпе-жектің 2027 жылғы 23 қаңтарда өтетінін мәлімдеді.
«Жәнібекпен өтетін жекпе-жекке қатысты болжамым қарапайым: 23 қаңтарда Якоб Банк екінші орта салмақта WBO тұжырымы бойынша жаңа әлем чемпионы атанады», – деді ол.
Алайда жекпе-жектің нақты күні әзірге ресми түрде расталғаны туралы ақпарат жоқ.
Жекпе-жекте WBO тұжырымы бойынша екінші орта салмақтағы бос чемпиондық белбеу сарапқа салынады. Бұған дейін британдық Хамза Шираз Жәнібек Әлімханұлымен міндетті жекпе-жек өткізіп, титулын қорғаудан бас тартқан. Осыдан кейін WBO Әлімханұлы мен Банк арасындағы кездесуге рұқсат беріп, боксшылардың командалары жекпе-жек шарттарын келіскені хабарланды.
Жәнібек Әлімханұлы соңғы жекпе-жегін 2025 жылғы сәуірде Астанада өткізіп, Франция өкілі Анауэль Нгамиссенгені нокаутпен жеңген еді.
Ал Якоб Банк шаршы алаңға соңғы рет 2026 жылғы 25 шілдеде Сауд Арабиясының Жидда қаласында шығып, британдық Павел Августыникті жеңді.