Феликс Савон Кубада тамақ іздеп жүрген жерінен көзге түсті
Кубалық бокстан үш дүркін Олимпиада чемпионы Феликс Савонның көшеде тамақ іздеп жүрген сәті түсірілген видео әлеуметтік желіде кеңінен тарады. Кадрлар BoxeoCubano аккаунтында жарияланған.
Видеода белгісіз адам 59 жастағы боксшыдан не істеп жүргенін сұрайды. Савон оған:
«Ештеңе емес, тамақтану үшін ас іздеп жүрмін», – деп жауап берген.
Кейін кубалық комик Лимай Бланко Савонмен кездескен сәтін жариялады. Ол бұрынғы боксшыға азық-түлік пен Киелі кітап табыстап, тұрмыстық заттармен де көмектесуге уәде берген.
Феликс Савон 2018 жылы кәмелетке толмаған адамға қатысты жыныстық қылмыс жасағаны үшін түрмеге қамалған. Ол 2024 жылы шартты түрде мерзімінен бұрын босатылған.
Бұған дейін Савон кәсіпқой бокста жұдырықтасу туралы бірнеше ірі ұсыныстан бас тартқанын айтқан. Оның сөзінше, Майк Тайсонмен жекпе-жекке шығу үшін 10 миллион доллар, Эвандер Холифилдпен кездесу үшін 12 миллион доллар, ал Майкл Беннеттпен айқас үшін 15 миллион доллар ұсынылған. Алайда ол халқы мен еліне адалдығын алға тартып, бұл ұсыныстарды қабылдамағанын мәлімдеген. Сондай-ақ Савон кәсіпқой боксшы болуға және ақша табуға қызығушылық танытпағанын айтқан.
Феликс Савон – әуесқой бокстағы ең табысты спортшылардың бірі. Ол 1992, 1996 және 2000 жылдары Олимпиада ойындарында алтын медаль жеңіп алды. Сонымен қатар 1986, 1989, 1991, 1993, 1995 және 1997 жылдары әлем чемпионы атанып, әлем біріншілігінде алты рет топ жарған.