Кездесу он раундқа созылды
Өзбекстандық екі дүркін Олимпиада чемпионы Баходир Жалолов кәсіпқой бокста кезекті жеңісіне қол жеткізді.
Ауыр салмақтағы боксшы Лондонда өткен жекпе-жекте Ұлыбритания өкілі Соломон Дакресті төрешілердің бірауыздан шешімімен жеңді.
Кездесу он раундқа созылды. Жалолов жекпе-жек бойы басымдық танытып, бесінші раундта қарсыласын нокдаунға түсірді. Дакрес қайта тұрып, айқасты жалғастырғанымен, кездесудің қалған бөлігінде де өзбекстандық боксшының басымдығы сақталды.
Он раундтың қорытындысы бойынша төрешілер 99:90, 99:90 және 99:91 есебімен жеңісті Жалоловқа берді. Осылайша, оның кәсіпқой бокстағы жеңіліссіз рекорды 18 жеңіске жетті. Оның 15-і нокаутпен аяқталған.
Айта кетейік, жекпе-жек Лондондағы O2 аренасында өтті. Жалоловтың кездесуі Даниэль Дюбуа мен Фабио Уордли арасындағы ауыр салмақтағы титулдық реванштың андеркардында ұйымдастырылды.