Қазақстандық боксшылар әлем чемпионатында қатарынан бес рет жеңіске жетті

Қазақстан құрамасы әлем чемпионатының алғашқы кезеңінде бес жеңіске қол жеткізді

ҚБФ
ҚБФ

Қазақстан құрамасы Черногорияның Будва қаласында өтіп жатқан 19 жасқа дейінгі боксшылар арасындағы әлем чемпионатында қатарынан бес жеңіске жетті.

Турнирдің үшінші жарыс күнінде Айдос Үсенов пен Руслан Ахметов алғашқы жекпе-жектерін сәтті өткізді.

55 келіге дейінгі салмақта сынға түскен Айдос Үсенов румыниялық Рэзван-Йонуц Пэнаитемен кездесіп, төрешілердің бірауыздан қабылдаған шешімімен 5:0 есебімен жеңіске жетті.

Ал 85 келіге дейінгі салмақта өнер көрсететін Руслан Ахметов болгариялық Николай Ивановтан басым түсті. Қазақстандық боксшы жекпе-жектің алғашқы раундынан бастап бастаманы өз қолына алып, қарсыласын 5:0 есебімен жеңді.

90 келіден жоғары салмақта Владислав Саможонов түркиялық Хакан Дениз Коскунды үшінші раундта техникалық нокаутпен жеңді.

65 келіге дейінгі салмақта Айсұлу Мұхит канадалық Мариан Тессьені төрешілердің бірауыздан қабылдаған шешімімен 5:0 есебімен ұтты. Ал осы салмақтағы Ақжүрек Қалабай қытайлық Кун Ванмен жекпе-жекте қарсыласының жарақатына байланысты бірінші раундта жеңіске жетті.

Осылайша, Қазақстан құрамасы әлем чемпионатының алғашқы кезеңінде бес жеңіске қол жеткізді.

Айта кетейік, World Boxing ұйымының ұйымдастыруымен өтіп жатқан 19 жасқа дейінгі боксшылар арасындағы әлем чемпионаты 16–27 қазан аралығында Будва қаласында өтеді. Байрақты бәсекеге 69 ұлттық федерацияның өкілдері қатысып жатыр.

×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам