Қазақ боксшыларынан қашқан Карлос Адамеске британдық қарсылас табылды

Карлос Адамес WBC чемпионы атағын қазақстандық Мейірім Нұрсұлтановқа қарсы қорғауы керек болған

Getty Images
Getty Images

WBC тұжырымы бойынша орта салмақтағы әлем чемпионы Карлос Адамес 14 қарашада Zuffa Boxing лигасындағы алғашқы жекпе-жегін өткізеді. Доминикандық боксшы Сауд Арабиясының Эр-Рияд қаласында британдық Джером Уорбертонмен кездеседі.

Журналист Дэн Рафаэльдің мәліметінше, бұл жекпе-жек бокс кешінің басты оқиғасы болады. Кездесу орта салмақтың белгіленген шегінен жоғары өтеді және чемпиондық белбеу сарапқа салынбайды.

Бұған дейін Карлос Адамес WBC чемпионы атағын қазақстандық Мейірім Нұрсұлтановқа қарсы қорғауы керек болған. Алайда доминикандық боксшы Zuffa Boxing лигасымен келісімшартқа отырып, WBC ұйымынан титулды қорғау мерзімін кейінге шегеруді сұраған.

Ұйымның шешіміне сәйкес, Адамес алдағы жекпе-жекте жеңіске жетсе, келесі кездесуін Мейірім Нұрсұлтановқа қарсы өткізуге тиіс. Ал британдық Джером Уорбертоннан жеңілсе, WBC чемпиондық белбеуі бос деп жарияланады.

Айта кетейік, Карлос Адаместің кәсіпқой бокстағы көрсеткіші — 25 жеңіс, бір жеңіліс және бір тең нәтиже. Оның 18 жеңісі нокаутпен аяқталған. Ал Мейірім Нұрсұлтанов 20 жекпе-жектің барлығында жеңіске жетіп, 11 қарсыласын нокаутқа түсірген.

Бұған дейін Адамес Жәнібек Әлімханұлының шақыруынан қашып, жекпе-жекке шықпаған еді.

×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам