Ақжүрек Қалабай әлем чемпионатында қарсыласын төрт рет нокдаунға түсірді

Отандасымыз эстондық Александр Живолоуппен жұдырықтасты

ҚБФ
ҚБФ

Қазақстандық боксшы Ақжүрек Қалабай Черногорияның Будва қаласында өтіп жатқан World Boxing нұсқасы бойынша U19 әлем чемпионатында мерзімінен бұрын жеңіске жетті.

65 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде 1/16 финалда өнер көрсеткен отандасымыз эстондық Александр Живолоуппен жұдырықтасты. Қалабай жекпе-жектің алғашқы минуттарынан бастап басымдық танытып, қарсыласын төрт рет нокдаунға түсірді. Нәтижесінде төреші екінші раундта кездесуді тоқтатып, қазақстандық боксшыға техникалық нокаутпен жеңіс берді.

Айта кетейік, бұған дейін Әділ Асқанбай (50 келі) украиналық Михайло Сидоренкодан басым түсіп, ширек финалға жолдама алған еді.

Бүгін, 20 қазанда, Қазақстан құрамасының тағы екі өкілі шаршы алаңға шығады. Тимур Тайбеков (80 келі) 1/16 финалда португалиялық Гонсало Родригеспен кездессе, әйелдер арасында Зарина Толыбай (80 келіден жоғары) жартылай финалға шығу үшін Тувалу өкілі Френцис Таафаккимен жұдырықтасады.

Кешкі сессия Қазақстан уақытымен сағат 21:00-де басталады.

World Boxing ұйымының қамқорлығымен өтіп жатқан жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионаты 27 қазанға дейін жалғасады. Жарыста 69 елден келген 474 спортшы ерлер мен әйелдер арасындағы он салмақ дәрежесінің әрқайсысында медальға таласып жатыр.

 

×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам