Жәнібек Әлімханұлы екі салмақта әлем чемпионы атануға уәде берді

Отандасымыз 23 қаңтарда Данияның Хорсенс қаласында Якоб Банкпен кездеседі

әлеуметтік желі
әлеуметтік желі

Қазақстандық кәсіпқой боксшы Жәнібек Әлімханұлы алдағы титулдық жекпе-жегіне қатысты пікір білдіріп, екінші орта салмақта әлем чемпионы атануды көздейтінін мәлімдеді.

Боксшының айтуынша, командасы даниялық қарсыласы Якоб Банктың осал тұстарын зерттеп, жекпе-жекке дайындықты бастауға әзір. Бұл кездесу 2027 жылғы 23 қаңтарда Данияның Хорсенс қаласында өтеді. Тараптар бос тұрған WBO тұжырымы бойынша екінші орта салмақтағы әлем чемпионы атағын сарапқа салады.

«Біз қарсыласымызды зерттеп, оның осал тұстарын анықтадық. Енді жұмыс істеп, тыңғылықты дайындалатын уақыт келді. Оның өз жерінде барын салатынын білеміз! Жаңа салмақ дәрежесі. Жаңа деңгей. Алла қаласа, үш айдан кейін екі салмақта әлем чемпионы атанамын!» — деп жазды Әлімханұлы X әлеуметтік желісінде.

Айта кетейік, WBO тұжырымы бойынша екінші орта салмақтағы чемпиондық белбеу британдық Хамза Шираз титулды қорғау жекпе-жегінен бас тартқаннан кейін бос қалған.

Жәнібек Әлімханұлы соңғы рет 2025 жылғы сәуірде Астанада шаршы алаңға шығып, бесінші раундта Ануэль Нгамиссенгені нокаутпен жеңген еді. Сол жылдың соңында ол WBA чемпионы Эрисланди Ларамен жұдырықтасуы керек болған, алайда қазақстандық боксшының допинг сынамасынан тыйым салынған зат анықталуына байланысты кездесу өтпей қалды. Нәтижесінде IBF оны чемпиондық белбеуінен айырса, WBO бір жылға дисквалификациялап, өз титулын сақтап қалды.

2026 жылдың жазында Әлімханұлы екінші орта салмаққа ауысып, орта салмақтағы WBO белбеуін босатты. Қыркүйектің басында қазақстандық боксшы осы ұйымның рейтингінде бірінші орынға көтерілді.

×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам