Әлімханұлы даниялық Якоб Банкпен бос тұрған WBO белбеуі үшін өтетін жекпе-жекке дайындалып жатыр
Қазақстандық кәсіпқой боксшы Жәнібек Әлімханұлы мексикалық Сауль «Канело» Альварестің өзімен жекпе-жек өткізуге келісетініне күмән келтірді.
Отандасымыздың пікірінше, мексикалық боксшы әлемдегі ең үздік қарсыласпен жұдырықтасудан жалтарады.
«Бұл жекпе-жекті асыға күтіп жүрмін! Канело да, оның командасы да мені жақсы біледі. Алайда олар ғаламшардағы ең үздік боксшымен жұдырықтасуға келісе қояды деп ойламаймын. Егер келіссе, бұл жекпе-жекті бүкіл әлем тамашалайды», – деді Әлімханұлы.
Қазақстандық боксшы екінші орта салмақтағы WBO чемпиондық белбеуін жеңіп алған жағдайда «Канеломен» супер жекпе-жек өткізу мүмкіндігі туады деп үміттенеді. Ол мексикалықты бұл салмақ дәрежесіне ауыспай тұрып-ақ айқасқа шақырған еді. Жуырда Альварес Сауд Арабиясында Кристиан Мбиллиді жеңіп, WBC чемпионы атанды.
Қазір Жәнібек Әлімханұлы даниялық Якоб Банкпен бос тұрған WBO белбеуі үшін өтетін жекпе-жекке дайындалып жатыр. Бұған дейін бұл титулға таласуы тиіс болған ұлыбританиялық Хамза Шираз кездесуден бас тартқан.
Якоб Банкпен айқас қазақстандық боксшы үшін шамамен бір жарым жылдық үзілістен кейінгі алғашқы жекпе-жек болмақ. Еске салайық, Әлімханұлы Эрисланди Ларамен өтуі тиіс кездесудің алдында допингке байланысты уақытша шеттетілген еді. Кейін WBO ұйымы оның дисквалификация мерзімін мерзімінен бұрын тоқтатты.