Даңқты футболшы ұлттық құрамадағы мансабын аяқтады
Португалия құрамасындағы 23 жыл. 234 матч - 146 гол. Еуро - 6 цикл. Мундиаль - 6 цикл. Бай карьера. Еуропа чемпионы (2016), Ұлттар лигасының екі дүркін жеңімпазы (2019, 2025).
Гол және матч саны бойынша алдына жан салмады. Бірақ, Әлем кубогы бұйырмады. Жеткізбеген трофей - жабылмаған гештальт.
Роналду дебют жасаған жылы туған Карлос Алькарас (теннисші) 7 мәрте Grand Slam жеңіп алды, Джуд Беллингем (футболшы) екі рет Еуро, екі рет Мундиаль турнирінде ойнады. Жамал Мусиала мен Флориан Вирц - неміс футболының бүгіні һәм болашағы. Міне, 23 жыл аз уақыт еместігінің анық көрсеткіші.
Роналду дебют жасаған сәт - біреу қыз күнін еске алатын, біреу балалық шағына саяхат жасайтын, біреу жас күнін аңсайтын ностальгия.
Бүгін Криштиану Роналдудың халықаралық карьерасы туралы сөз етейік. Ұлттық құрамада несімен есте қалды? 23 жылды 23 сөйлемге сыйғызып көрейік.

Фото: Goal.com
Қазақстаннан басталған дебют:
2003 жылдың 20 тамызында 18 жастағы Криштиану Қазақстан құрамасына қарсы жолдастық матчта (1:0) екінші таймда Луиш Фигудың орнына шығып, алғаш рет негізгі құрама жейдесін киді.
ЕУРО-2004:
Өз елінде өткен Еуропа чемпионатының ашылу матчында Грекия қақпасына гол салды. Криштиану үшін тарихи гол болғанымен, гректер 2-1 есебімен үстем түсті.
ЕУРО-2004 жартылай финалы:
Нидерланды құрамасына қарсы матчта гол салып, командасын финалға шығарды және турнирдің символикалық құрамына енді.

Фото: Goal.com
ЕУРО-2004 финалы, Роналдудың көз жасы:
Португалия финалда Грекиядан тағы жеңілді. Көптің есінде таблодағы есеп емес, көз жасын тыя алмаған Криштианудың толқыған сәті қалды. Жеңілісті қабылдай алмайтын өршіл футболшының мінезі көрінді.
Мундиальдағы дебют:
2006 жылғы Әлем чемпионатында Иран қақпасына пенальтиден гол салып, басты додадағы тұсауы кесілді. Луиш Фигу 80-минутта пенальти орындауды Криштиануға табыстап, жаңа дәуірге жол ашып берді.
40 жыл күткен жартылай финал:
2006 жылғы Әлем чемпионатының ширек финалында Англия - Португалия арасында драмаға толы матч өтті. Криштиану команда мүддесі үшін бәріне дайын екенін көрсетіп, алаңнан Уэйн Рунидің қуылуына барынша ықпал етті. Пенальти сериясында жеңіс голының нүктесін Криштиану қойып, Португалия 1966 жылдан кейін алғаш рет Мундиаль жартылай финалына жетті.

Фото: Clive Mason/Getty Images
Капитан Роналду:
2006 жылғы Әлем чемпионатынан кейін Луиш Фигу ұлттық құрамадан кетті. Осылайша, Португалия капитандығы ресми түрде Криштиану Роналдуға өтті. 2007 жылдың 6 ақпанында Бразилияға қарсы жолдастық матчта Португалия жейдесіндегі жаңа капитанды көрдік.
ЕУРО-2008:
Потугалия өз тобынан бірінші орынмен шыққанымен, ширек финалда немістерден 3-2 есебімен жеңілді. Осылайша, Криштиану капитан ретінде алғашқы ірі турнирінен ерте шығып қалды.
Мундиаль-2010:
Роналду ұлттық құрама сапында 10 матч бойы гол салмаған дегенге сенесіз бе? Қазір айтса күлкілі, бірақ ұлы голеадордың карьерасында сондай ауыр кезең болған. 2008 жылдың қарашасынан бастап 2010 жылдың маусымына дейін (16 матч) Криштиану голсыз күндерді басынан өткерді. 2010 жылғы Әлем чемпионатында Португалия - Солтүстік Корея арасындағы матч 7-0 есебімен аяқталып, жауапсыз жеті голдың бірін 7-ші нөмірлі капитан салды.
ЕУРО-2012:
Португалия өз тобынан бірінші орынмен шыға алған жоқ. Тіпті, плей-офф кезеңіне шыға алмауы мүмкін еді. Топтық кезеңнің шешуші матчында Криштиану дубль жасап, Нидерланды құрамасын еліне қайтарды. Ал, өз командасын плей-оффқа алып шықты.
Испания - Роналдудың “ата жауы”:
2012 жылғы Еуро додасының ширек финалында Португалия - Чехия арасындағы тартысты текетірестің нүктесін қойған Криштиану Роналду. 79-минутта жеңіс голын салып, командасын жартылай финалға алып шықты. Алайда, жартылай финалда Испания пенальти сериясында үстем түсті.

Фото: soccernews.com
Златан Ибрагимовичпен текетірес: 2014 жылғы Әлем чемпионатының іріктеуіне Португалия тікелей жолдама ала алмады. Осылайша, ақырғы жолдама үшін Португалия - Швеция арасындағы тартысты екі матчтың куәсі болдық. Стокгольмде өткен тарихи матчта Криштиану Роналду хет-трик жасап, дубль жасаған Златан Ибрагимовичке лайықты жауап берді.
Үздік сұрмерген:
2014 жылдың наурызында Криштиану Роналду ұлттық құрама сапындағы 48 және 49-ші голын салып, Педру Паулетаның рекордын жаңартты. 29 жасында Португалия құрамасы тарихындағы үздік сұрмерген атанды.

Фото: PHILIPPE DESMAZES/AFP/Getty Images
ЕУРО-2016:
Турнир жаңа форматқа көшіп, финалдық кезеңде 24 команда ойнады. Португалия өз тобында үшінші орын алып, плей-офф кезеңіне зордың күшімен жетті. Венгрияға қарсы шешуші матчта Криштиану дубль жасап, командасын масқарадан құтқарып қалды. Одан кейін Уэльске қарсы жартылай финалда Роналду 2,31 метр биіктікке секіріп, сойқан гол салды.

Фото: Michael Probst AP
Қуанышты һәм өкінішті финал:
Португалия ЕУРО-2016 додасының финалына шыққанымен, Криштиану 25-минутта жарақат алып, маңызды матчты жалғастыра алмады. Оның үстіне, финалда алаң иесі Францияға қарсы ойнады. Матч тағдыры экстра-таймға жалғасып, 109-минутта Эдер гол салып, Португалияға тарихи трофей сыйлады.
Мундиальдағы алғашқы хет-трик:
2018 жылы Ресейде өткен Әлем чемпионатында Португалия жарыстан ерте шығып қалғанымен, Криштиану фанаттары үшін ұмытылмас хет-трикпен есте қалды. Топтық кезеңдегі Испания - Португалия матчында Криштиану үш гол салып (пенальти, айып добы, ойыннан), Мундиальдағы алғашқы хет-тригін жасады.
Ұлттар лигасы-2019:
Ұлттар лигасының алғашқы жеңімпазы - Португалия. Криштиану жартылай финалда Швейцария қақпасына үш гол салып, командасын финалға алып шықты. Португалия - Нидерланды арасындағы финалда Гонсалу Гедеш жеңіс голын салып, Криштиану ұлттық құрамадағы екінші трофейін жеңіп алды.
ЕУРО-2020:
Коронавирус пандемиясына байланысты 2021 жылы өткен Еуро додасында Криштиану 5 гол салып, “Алтын бутсы” иеленді. Чехия шабуылшысы Патрик Шик те 5 гол салғанымен, 36 жастағы Криштиану минут саны бойынша озық шықты.

Фото: Getty Images
Әлемдік рекорд:
2021 жылдың қыркүйегінде Португалия - Ирландия арасында Мундиаль іріктеуі үшін тартысты кездесу өтті. Матчтың 10-минутында пенальтиден мүлт кеткен Криштиану 89 және 96-минуттарда дубль жасап, әлемдік рекорд орнатты. Өйткені, Роналду ұлттық құрама сапындағы 110 және 111-ші голын салып, Иран футболының аңызы Али Даеидің (109 гол) рекордын жаңартқан болатын.
Гиннесс рекорды:
2023 жылы Криштиану ұлттық құрама сапында 200-ші матчын өткізіп, бұл межеге бірінші жеткен футболшы ретінде Гиннесс рекордына енді. Лионель Месси арада үш жыл өткенде Аргентина құрамасындағы соңғы 208-матчын өткізсе, Криштиану Роналду ұлттық құрамамен карьерасындағы 234 матчтан кейін қош айтысты. Рекорд бәрібір Роналдуда қалды.
Алты бірдей Әлем чемпионатында гол салған алғашқы футболшы:
2026 жылы Әлем чемпионатында Өзбекстан қақпасына гол салып, 2006, 2010, 2014, 2018, 2022, 2026 жылдардағы Мундиальдың бәрінде қанжығасы майланған алғашқы футболшы атанды.
Роналдудың екінші аты - Рекорд:
Криштиану ұлттық құрама сапында 59 командаға гол салған. Бұл да абсолют рекорд. Сондай-ақ халықаралық дәрежеде (Португалия сапында) 10 мәрте хет-трик жасаған алғашқы футболшы.