Турнирдің финалында Қазақстанның бес боксшысы айқасады
Бакуде өтіп жатқан «Ұлы жібек жолы» халықаралық бәсекесінің финалында Қазақстан ұлттық құрамасының 5 боксшысы сынға түсетін болды.
Бүгін жартылай финалда сынға түскен 4 боксшының барлығы да жеңіске жетті. Соңғы болып шыққан 60 келі салмақ дәрежесіндегі Талғат Сырымбетов жартылай финалда өзбек жігіті Бахтиер Асадовтан басым түссе, 71 келіде Дархан Дүйсебай да парсы боксшысын төрешілер шешімі бойынша ұтты.
Кеше 92 келіде Сағындық Тоғамбай жеңіске жетіп, финалға шықса, бүгін 48 келіде Теміртас Жүсіпов пен 54 келіде Тимур Қабдешов өз қарсыластарын қапы қалдырды.
Айта кететін жайт, Әзірбайжан астанасындағы дәстүрлі турнирде белгілі боксшыларымыз Қамшыбек Қоңқабаев пен Серік Теміржанов іріктеу кезеңдерінде жеңіліс тапты. Ал Қамшыбектің байырғы қарсыласы өзбекстандық Баходир Жалолов ақтық кезеңге жолдама алып отыр.