Полиция оқиғаға қатысы бар өзге адамдардан жауап алып жатыр
PFL ұйымының жеңіл салмақтағы чемпионы, ресейлік Усман Нурмагомедовке Абу-Дабиде болған жанжалға байланысты бір жылға дейін бас бостандығынан айыру немесе шамамен 2700 доллар айыппұл салынуы мүмкін. Бұл туралы Home of Fight басылымы хабарлады.
БАӘ Федералдық заңының 390-бабына сәйкес, мұндай жағдайда жаза тағайындау үшін жәбірленуші Мераб Двалишвилидің арыз жазуы міндетті емес. Шабуылдың видеожазбасы жеткілікті болуы мүмкін.
Қазіргі уақытта полиция Усман Нурмагомедов пен оқиғаға қатысы бар өзге адамдардан жауап алып жатыр. Егер ресейлік файтердің кінәсі дәлелденсе, оған бір жылға дейін түрме жазасы немесе 2700 долларға жуық айыппұл салынуы ықтимал.
Сондай-ақ БАӘ Федералдық заңының 392-бабында үш немесе одан да көп адамның топ болып шабуыл жасауы жазаны ауырлататын мән-жай ретінде қарастырылғаны айтылған.
Еске салайық, оқиға 11 қарашада Абу-Дабидегі қонақүйлердің бірінде болған. Мераб Двалишвилидің мәлімдеуінше, Усман Нурмагомедов пен оның серіктері сұхбат беріп тұрған жерінде оған шабуыл жасаған.
14 қарашада Двалишвили RAF лигасының турнирінде UFC-дің бұрынғы жауынгері Марлон Мораеспен еркін күрес ережесі бойынша белдесуі керек.