Оның сөзінше, қазіргі бокста шоу жоқ, боксшылар тек ұпай үшін ғана жұдырықтасады
Серікжан Ешмағамбетовті көпшілік филиппиндік Мэнни Пакьяомен жұдырықтасқан қазақ деп біледі. Ол тәуелсіз Қазақстан тарихында кәсіпқой боксқа бет бұрған алғашқы боксшылардың қатарынан. Дегенмен, оған дейін Ешмағамбетов әуесқой бокста да біраз бақ сынады. Мансабын аяқтаған соң төрешілікке бет бұрды. Қазіргі кезде Алматыдағы колледждердің бірінде шәкірт тәрбиелеп жүр.
36 жасына дейін жұдырықтасқан отандасымыз соңғы кездесуін 2008 жылдың желтоқсан айында өткізген. Кәсіпқой бокста 37 кездесуге қатысып, 24 рет жеңіске жетіп, 1 рет тең түскен. 13 кездесуінде қарсыласын нокаутпен жеңген. Сонымен қатар, мансап жолында ПАБА (Пан-Азия бокс қауымдастығы) чемпионы атанған.
Осы орайда Серікжан ағамызбен сұхбаттасып, 90-жылдардағы кәсіпқой бокс қандай болғанын, әуесқой бокспен неліктен ерте қоштасқанын сұрадық.
– Серікжан Ешмағамбетов дегенде сіздің Мэнни Пакьяомен жекпе-жегіңіз еске түседі. Неге екенін білмейм, әуеқой бокстағы карьераңыз туралы көп айтылмайды.
– Еліміздегі алғашқы кәсіпқой боксшылардың қатарынанбыз ғой. Евгений Зайцевтердің соңынан ердік. 1993 жылға дейін әуеқой бокстан ұлттық құрамада болдым. Содан соң алты айдай үзіліс алып, 1994 жылы сол кездегі Ақмолада өтетін турнирге қатыстым. Бір күні бапкерім келіп: «Серікжан, Ақмолада турнир өтеді, 100 доллар береді екен, барасың ба?» деп сұрады. Студентпіз, көк тиын жоқ кез, «барайық» дедім. Міне, осылайша кәсіпқой бокстағы қадамым басталды. Әйтпесе 1984 жылдан бастап әуеқой бокста жүрдім. 40 келі салмақта жасөспірімдер арасында қала чемпионы атандым. Ол кезде боксқа 12 жастан бастап қана қабылдайды, сүйегі қатайсын дейтін, қазір ғой кішкентай балаларды да ала береді.
1988 жылы жастар арасында Одақ көлемінде жұдырықтасып, бесінші орын алғанмын. Шымкенттік боксшы Нұрхан Сүлейменовтен ұтылғанмын. Қазір ол Түркияда ғой деймін.
Кейін 57 келіде өнер көрсеттім, ал 60 келіде спорт шебері атағын алдым. Тәжікстандағы турнирде жеңгенде, «спорт шеберін» алдың деп еді, елге оралсақ, бұл турнир күнтізбеге сай өтпегендіктен, ол жақтағы нәтиже саналмайтынын білдік.
1991 жылы Қазақстан чемпионаты Талдықорғанда өтіп, үшінші орын еншіледім. Марқұм Әбдісалан Нұрмаханов бас бапкер еді. Ол кісіден біраз қысым көрдік. Алматыда бірнеше жыл бойы ҚазКСР мемлекеттік теле-радиосы деген турнир болып, соған да қатысқанмын.
– Кімдермен жұдырықастыңыз сонда?
– Талай боксшы болды, ол кезде аса қарап отырмайсың, тапсырма орындайсың, бітті. Бапкерлер: «Серікжан, байқа, тәжірибелі жігіттер» дейді. Ұратын жерде ұрасың, қашатын жерде қашасың, әйтеуір басыңды ашпауың керек, әйтпесе ол кезде соққыға қатты мән берілетін.
– Сонан соң кәсіпқой боксқа ауысу туралы шешім қабылдадыңыз ба?
– Негізі боксты тастап кетемін деп ойлағанмын. Спорт шебері атансам, маған сол да жетеді дегенмін. Үйдегілер де «қашанғы бұлай жүресің, жетер енді» деп ұрысатын. 1994 жылы алғаш жекпе-жегімді өткіздім де, әскерге кетіп қалдым. Бір жыл уақыт текке кетті, себебі әскерилер арасындағы турнирлерге іліге алмадым.
1995 жылғы күзде қазіргі Түркістан облысының Қапланбек деген елдімекенінде бокс кеші өтіп, өзбек жігітпен жұдырықтастым. Бұл екінші айқасым еді, сол кезде қолымды сындырып алдым. Әйтеуір орап-орап емдедік, қазіргідей мүмкіндік жоқ.
Промоушн деген ұғым да болған емес, бар турнирге қатысатынбыз.
Соңғы айқасымды 2008 жылы 36 жасымда өткіздім. «Жасың келіп қалды» деген сөздер көп айтыла бастады. Қазір боксшылар 40-тан асқанша жүре береді.
– Ұлыңыздың «Тесла» компаниясында жұмыс істейтінін айтып едіңіз. Осы туралы толығырақ өзіңізден естісек.
– Ұлым жақында ғана елге оралды. 26 жасқа толады. Колледжде газ саласы бойынша білім алып, кейін Алматыдағы Қазақ ұлттық техникалық университетті тәмамдады.
Алдыңғы жылы әлемнің түкпір-түкпіріне өзінің резюмесін жіберді. Оның алдында Алматыда мұнай компаниясында екі жылдай жобалаушы болып жұмыс істеген. «Қашанғы 200-300 мың айлыққа жұмыс істей беремін» деп шағымын айтқан соң, «жассың, тіл білесің, басқа мүмкіндіктерді іздеп көр» дедім. Үнемі компьютердің алдында отыратын. «Неге ұйықтамайсың» десем, «жұмыс істеп отырмын» дейді. Сөйтіп жүріп бір күні «Тесладан» ұсыныс түскенін айтты. Мен аң-таңмын. Германияда сол компанияның филиалы ашылған екен, соған келісімшартпен жұмысқа кетіп, 8 айдай жұмыс істеп келді.
Компания арзандау көліктер жасауды жоспарласа керек, бірақ өндіріс жүрмеген секілді. Айлығы жақсы болды, 5 мың еуродай алатын, дегенмен соның жартысы салығына кетіп отырды. Басқа жұмыстар іздеп көрген екен, барлығы неміс тілін сұрапты, ұлым тек ағылшын тілін біледі, өзі үйреніп алған. Сондықтан елге оралды. Қазір Алматыдағы инженерлік компанияда жұмыс істеп жатыр.
– Өзіңіз қазір бокс қарайсыз ба?
– Ара-тұра қараймын. Бокс қатты өзгеріп кетті. Қолғап, шлемде өзгерістер бар. Есесіне шоу жоқ, тиіп-қашып жұдырықтасады. Сондықтан бокс бокс болудан қалды.
– Жастарымыздан кімдердің өнеріне көңіліңіз толады?
– Бокс деген – бизнес. Талант болу аздық етеді, көп ақша, мықты промоушн керек. Көбісі АҚШ-қа кетіп жатыр, бірақ ол жақта көтерілу де өте қиын. Геннадий Головкиннің деңгейіне жету үшін көп қаражат, мықты қолдаушылар керек. Тұрақты жекпе-жектер өткізуің үшін тәжірибе жинайсың. Ол үлкен шаруа. Мысалы, Садриддин Ахмедов жақсы шығып еді, ол да жоғалып кетті. Ал Жәнібек Әлімханұлының командасы мықты, жап-жақсы жұмыс істеп жатыр.
– Сұхбатыңызға рахмет!