Спорт журналистері Олимпиададағы боксшылардың нәтижесіне талдау жасады
Бокстан Қазақстан құрамасы Париж Олимпиадасында өз тарихындағы антирекордын орнатты. Яғни, бұл жолы боксшыларымыз елге жалғыз медальмен оралатын болды. Оның өзі алтын бола, күміс бола ма – ол Нұрбек Оралбайдың финалдағы нәтижесіне байланысты. Бұрынғы Олимпиада ойындарында Қазақстан бокстан кемі екі медальмен оралып жүрген.
Қазақ боксындағы мұндай дағдарысқа кім жауап береді? «Бірінші бол» YouTube-каналындағы кезекті подкастта спорт журналистері осынау тақырып төңірегінде сөз қозғады.
Айта кету керек, биыл жыл басында Бокс федерациясына жаңа басшы болып кәсіпкер Шахмұрат Мүтәліп сайланды. Оның тұсында Қазақстан боксшылары екі бірдей лицензиялық турнирге қатысып, сәтті өнер көрсеткен. Десе де, Париждегі Олимпиада жігіттердің дайындығы ойдағыдай емес екенін көрсетті.
Оның үстіне, ел үкіметі осы Олимпиада ойындарына спортшыларды дайындау үшін бюджеттен 1 млрд теңгеге жуық қаражат жұмсаған. Ақша ақтала ма, құзырлы ұйымдар оның есебін бере ме, ол уақттың еншісінде.