Скотт Манн барда ұлттық құрамаға ТОП бапкер келмейді
Тағы бір сәтсіз цикл артта қалды. Ұлттар лигасы. Топта Еуропа фавориттері емес – қарымы мен құрамы жағынан шамалас командалар: Словакия, Молдова және Фарер аралдары. Қағаз жүзінде Словакия топтағы фаворит саналса, іс жүзінде ІІ орынға Қазақстан жайғасуға тиіс болған.
Бірақ, Қазақстан құрамасы өз тобында небәрі 3 ұпай жинап, аутсайдерлер арасында осал командаға айналды. Осылайша, алты матчқа жалғасқан Ұлттар лигасындағы цикл сәтсіз аяқталды.
Бір ғана жағымды жаңалық бар: Ұлттар лигасы форматының өзгеруіне байланысты Қазақстанға D дивизионынан аман қалды. 2028/29 маусымнан бастап Ұлттар лигасы төрт емес, үш дивизионнан тұратын болды.
Алдағы турнирде 54 команда А, В, С дивизионына бөлініп (18 командадан), әр дивизионда үш топ тартысады (6 командадан). Қысқасы, Ресейден басқа УЕФА құрамындағы 54 команданың бәрі өнер көрсетеді.

ҚФФ бас хатшысы Скотт Манн – Қазақстанға кеше келген маман. Жергілікті футболды жай-жапсарын танып-білмей жатып, ұлттық құраманың бас бапкері міндетін Джон ван’т Шкипке табыстады. Екеуі де ел футболынан бейхабар. Екіұшты тағайындау. Кім кінәлі?
Командасыз келген маманға Нұрбол Жұмасқалиев пен Елдос Ахметов көмекші болды, сондай-ақ оның штабына Юрий Новиков, Вадим Боровский және Тимур Құсайынов сынды жергілікті мамандар енді.

Джон ван’т Шкип. Фото: ҚФФ
Әсілі Қазақстанға мықты бапкер ғана емес, тұтас бапкерлік штаб керек. Нидерланд маманы Джон ван’т Шкип соқа басын сүйретіп жалғыз келді. Ұлттар лигасы қарсаңында келген «Салт басты, сабау қамшылы» маманнан не күтуге болады? Грекия құрамасынан кейін еш жерде тұрақтамаған маманның соңынан ешкім ермейді. Өйткені, ешкім Шкипке еріп жұмыссыз қалғысы келмейді. ҚФФ да оған ұзақмерзімді емес, бір циклға созылатын келісімшарт ұсынды.
Коммуникация тілін білмейді (қазақша, орысша). Қазақстан футболын жыға танымайды. Инфрақұрылымы кенже қалған, ішінара мемлекет бюджетінен қаржыландырылатын, жекенің қолына енді өте бастаған Қазақстандағы футбол жүйесінен бейхабар (клубтар).
Ұлттар лигасында ұпай жинаудың орнына экспериментке көп көңіл бөліп, алты матчта алты түрлі құраммен алаңға шықты. Тіпті, ротация салқынына қақпашылар да ілікті.

Джон ван’т Шкип. Фото: ҚФФ
Ұлттар лигасындағы басты сәтсіздік – Молдовадан екі рет жеңілу.
Молдова соңғы екі жыл ішінде (20 матч) небәрі екі рет жеңіске жеткен. Бір қызығы, екі жеңіс те Қазақстанға қарсы матчта тіркелді. Гибралтар, Эстония, Литва, Болгария, Армения және Фарер аралдарын жеңе алмай жүрген Молдова бір емес, екі рет Қазақстаннан басым түсті. Фиаско.
6 матч: 3 жеңіліс, 3 тең ойын. Қазақстан құрамасы барлық матчта гол салғанымен, оның ешқайсы жеңіске жеткізе алмады. Ең сорақысы, бұл – Ұлттар лигасының С дивизионы.
Қазақстанның орнын Фарер аралдары тартып алды. Топта ІІ орын алып, В лигасына жолдама алудың алғышартын жасады. Егер алдағы плей-офф сатысында жеңіске жетсе, Фарер аралдары тарихында тұңғыш рет Ұлттар лигасының В дивизионына өтуі мүмкін. Солтүстік Македония, Грузия, Израиль немесе Румыния құрамаларының бірімен В лигасының жолдамасы үшін таласады.
Фарер командасының прогресс жасағаны бүгін емес. Команда Еуропаның «қортық»командасы деген стереотипті әлдеқашан бұзып, Хорватия, Чехия сияқты құрамалармен 2026 жылғы Әлем чемпионаты жолдамасы үшін тартысқан берік ұжым. Басымдығы – қорғаныстағы жинақы ойыны. Хорватия, Чехия, Черногория және Гибралтар құрамаларымен бір топта өнер көрсетті. Тек хорваттар ғана Фарер қақпасына 3 гол салды, қалған матчтарда 2 голдан артық жіберген жоқ. Ұлттар лигасында да берік қорғанысымен жақсы нәтиже көрсетті. Алты матчтың ешбірінде 2 голдан артық жібермеді.
Ұлттар лигасындағы сәтсіздіктен кейін ҚФФ бас хатшысы Скотт Манн арнайы брифинг өткізіп, көптің көкейінде жүрген бірнеше сұраққа жауап берді. Алғашқы емтиханнан «сүрінгеннен» кейін де қызметін жалғастыра беретінін айтып, ел футболын енді ғана танып-білгенін мойындады.
ҚФФ бас хатшысының сөзінен ұққанымыз, ұлттық құрамаға қандай маман керегі белгілі, бірақ нақты кім қажет екені әлі пысықталмаған. Парадокс: Қазақстанға ТОП бапкер керек, бірақ ҚФФ қыруар қаражат жұмсауға дайын емес.

Скотт Манн. Фото: ҚФФ
Келесі бапкердің алдындағы міндет – алдағы бірнеше циклға жаңа құрам жасақтау. Оның айтуынша, құрама футболшыларының 90 пайызы ел чемпионатында ойнайды. Бірақ бәрінде ойын тәжірибесі жеткіліксіз. Алайда, Скотт Манн бұл мәселені шешу үшін федерация тарапынан нақты қандай шара қолданылып жатқанын ашып айтқан жоқ (мүмкін жауабы да жоқ). Бас хатшы жас футболшылардың Еуропа клубтарында ойнағанын қалайды, алайда оны жүзеге асыру тетігін түсіндіре алған жоқ.
Скотт Манн соңғы он жылда ұлттық құрамада 11 бапкер ауысқанын ерекше атап өтті. Сондай-ақ Қазақстан құрамасы ФИФА рейтингінде 75-орынға дейін ілгерілей алатын мүмкіндігі барын айтып, сол жолға тұрақты даму арқылы (бапкерге карт-бланш беріп) жетуге болатынын меңзеді.
Скотт Манн Ұлттар лигасындағы сәтсіздікті мойындап, жауапкершілікті өзіне алатынын айтты. Бірақ ҚФФ бас хатшысы қызметінен де, жалақыдан да бас тартпайды.
Аргентина құрамасын екі рет Әлем чемпионатының финалына шығарып, екі рет Америка кубогын жеңген Лионель Скалони Өзбекстан, Канада, Парагвай және Катар бас бапкерлерінен аз жалақы алады. Ал, кешеге дейін Қазақстан деген ел барынан бейхабар Скотт Манн ҚФФ бас хатшысы ретінде жылына 1 млн еуро жалақы алады деген сыбыс тарады. ҚФФ бұл ақпаратты жоққа шығарды, алайда оның қанша алатынын да нақты айтпады. Скотт Манның өзі де нақты табысын айтуды жөн көрмеді. Алайда, Англияда қалып жұмыс істесе, бұдан әлдеқайда көп табыс табатынын айтып, Қазақстанға ақша үшін келмегенін жеткізді. Сенгің ақ келеді. Бірақ...
Федерация басшылық пен шетелдік мамандардың жалақысын мемлекеттік бюджеттен емес, демеушілер мен серіктестердің қаражаты есебінен төлейді. Десе де, ҚФФ бұрын қыруар қаражатты тек шетелдік бас бапкерлерге ғана төлеп келген.
Станислав Черчесов - 1,2 млн еуро, әр жылда ұлттық құрама бас бапкері болған Бернд Шторк, Арно Пайперс, Михал Билекке жылына 300 мың - 600 мың еуро көлемінде төлеп келген. Ал, ҚФФ бас хатшыларына ары кетсе 2-5 млн теңге көлемінде айлық жалақы төленетін.

Станислав Черчесов, Фото: ҚФФ
Ендігі ретте Еуропадан мықты бапкер таңдағанда Скотт Манның жалақысы мен позициясы көп кедергі болуы мүмкін. Бұрын-соңды Бас хатшы мен Бас бапкер үшін қатар шығындалып көрмеген ҚФФ келесі бапкерді жергілікті мамандар арасынан іздейді. Болмаса, ұлттық құрамаға тағы бір «Шкип» келіп, команда тағы бір цикл (Еуро-2028 іріктеуі) ротация полигонына айналады.
Ван Гал, Гус Хиддинк, Клаудио Раньери сияқты ардагерлерге үміт артпайық. Уақытша жұмыссыз жүрген ТОП бапкерлерден дәмеленбейік. Сонда кім келуі мүмкін?
А категориясы: Араны қатты, амбициясы асқақ Пеп Гвардиола, Антонио Конте, Арне Слот, Дидье Дешам, Юлиан Нагельсман туралы ұмыта беріңіз. Бұл тізімдегі мамандар қазір жұмыссыз болғанымен, бүгін-ертең Қазақстан сияқты құраманың бас бапкері болып келмейді.
В категориясы: Жұмыссыз жүрген тәжірибелі бапкерлер – Валид Реграги (Марокко) мен Роберто Мартинестің (Бельгия, Португалия) сұранысын дәл қазір ҚФФ қанағаттандыра алмайды. Өйткені, бұл мамандар кемінде 2 млн еуро жалақы сұрайды. Ал, егер штабымен келетін болса, шығын одан да көп болады.
Реалистік таңдауға келсек, кандидаттар келесідей:
Магомед Адиев, Талғат Байсуфинов – бұрын ұлттық құраманы жаттықтырған тәжірибелі мамандар (Нұралы Әліп те осы екеуінің бірін көргісі келеді). Қысымды да, жауапкершілікті де біледі.
Қайрат Нұрдәулетов, Самат Смақов, Нұрбол Жұмасқалиев – Қазақстан футболын өте жақсы білетін, амбициясы тасып тұрған мамандар. Бәрі футболшы күнінде ұлттық құраманың лидері болған.

Нұрбол Жұмасқалиев. Фото: “Тобыл” ФК
Рафаэль Уразбахтин – «Қайрат» клубында зор тәжірибе жиған маман. Қазақстан футболын бес саусағындай біледі. Ұлттық құрамада жүрген жас футболшылардың дені осы маманның тұсында («Қайрат» командасында) дебют жасаған. Қазір жұмыссыз.
Андрей Мартин – «Ордабасы» клубын Қазақстан чемпионы еткен маман. Қазақстан футболы молдаван маманы үшін таңсық емес.
Ники Хайен – «Брюгге» және «Бернли» клубтарының экс бапкері. Дастан Сатпаевпен етене таныс. «Бернли» клубын дағдарыстан шығара алмады. Есесіне, «Брюгге» клубын қиын жағдайдан алып шығып, Бельгия чемпионы еткен маман. Клуб пен ұлттық құрамадағы жүктеме айырмашылығын ескерсек, +1 млн еуро жалақыға келісуі әбден мүмкін.