Бокс маманы Қазақстан құрамасының бұрынғы бапкерлерін сынап, қазір шетелден кадр тарту маңыздылығын айтты
Париж олимпиадасындағы боксшылардың сәтсіздігінен соң құрамада біраз ауыс-түйіс болып, бапкерлер құрамы жаңарды. Бұдан бөлек кезінде Сидней олимпиадасында екі бірдей алтынға қол жеткізген Тұрсынғали Еділов федерация президентінің кеңесшісі болып тағайындалды. Осы орайда біз бокс маманынан құраманы қандай өзгерістер күтіп тұрғанын, бапкерлер штабының алдына қандай міндеттер қойылғанын сұрап білдік.
– Тұрсынғали аға, жақында ғана еліміздің бокс федерациясына кеңесші болып тағайындалдыңыз. Осы орайда сіздің міндетіңізге не кіретінін біле кетсек.
– Алдағы уақытта ауқымды жиналыс болады, сол жерде әркім өз жоспарын айтады. Жастар құрамасының бас бапкері тағайындалып, оның мақсаттарын естиміз. Ұлттық құрама бапкерлерінің жоспарлары ортаға салынады. Менің міндетім – президентке қандай мәселелер барын айту, оқу-жаттығу жиындары қалай, қай жерде өтуі керектігі бойынша ұсыныстарымды жеткізу. Спортшылармен жүзбе-жүз кездесіп, олардың бабымен танысамыз. Қандай мәселе бар, соны бүге-шегесіне дейін білуім керек. Соның бәріне баға беріп, бірігіп жұмыс істейміз.
– АҚШ, Кубадан мамандар шақыртылады деп жатыр. Олардың қандай көмегі тиеді, не өзгеріс алып келуі мүмкін?
– Шетелдік білікті мамандардың көмегі міндетті түрде тиеді. Әзірге кімдердің келетінінен хабарым жоқ. Бірақ бапкерлер бір орында тұрып қалды. Басқа көзқарас, көптеген өзгеріс қажет. Қарағанды, Қостанай мектептері қайда кетті? Талай саңлақты тәрбиелеп шығарған өңірлерден қазір неге боксшы жоқ? «Сырт көз сыншы» дейді. Бас бапкерге сырттан келген мамандардың кеңесі қажет болады.
– Жеке бапкерлердің көмегіне жүгіне ме, әлде олар жұмысқа араласа алмай ма?
– Меніңше, жеке бапкерлер болады. Себебі оның төл шәкіртін өзінен артық ешкім білмейді. Оның үстіне, боксшы уақытының басым бөлігін жеке бапкерімен өткізеді, сондықтан жұмыс өзара үйлесімде жүруі қажет, сонда ғана нәтиже болады.
– Бас бапкер Қайрат Сәтжанов шәкірті бар бапкердің ұлттық құрама тізгінін ұстағаны дұрыс еместігін алға тартты. Бұл жайт іріктеуге шынымен кері әсер ете ме?
– Құрамада шәкірті бар бас бапкердің көңілі алаңдаулы болады, ол өз шәкіртіне қарай ма, құрамаға қарай ма? Атын атап, түсін түстемей-ақ қояйын. Бапкер спортшыны оның шынайы мүмкіндігіне қарап іріктеуі керек, одан мықтысы шықса, орынды соған беруі қажет. Ал шәкірті жанында жүрсе, қалай да бір бүйрегі соған бұрып тұрады.
Қытайда екі кубалық бапкер жүр, көрген шығарсыздар?! Баяғыда мен бас бапкер кезден білеміз, жақсы доспыз. Былай қарасаң, үш-төрт қызды чемпион қылып шығарды. Себебі олардың жеке шәкірті жоқ, ешкімнің мүддесін қорғамайды, олар тек нәтижеге жұмыс істейді, сыйақыны да соған байланысты алады.
Өткенде біздегі Айтжанов бастаған он бапкер қызметтен кетті. Шынымды айтсам, талай жыл не үшін айлық алып жүргенін түсінбеймін. Олар әділ шешімімен өзгелерге үлгі болуы қажет еді.
– Боксшылардың даярлығына қатысты сын көп айтылды. Енді жаттығу процесі түбегейлі өзгере ме?
– Әрине. Қазір бәріне толық сарап жүргізу қажет. Өте сәтсіз өнер көрсеттік, соның себептері жан-жақты сараланып, кемшіліктерді жою үшін көптеген жұмыс істелуі керек. Неге біздің балалар алқынып, шаршап қала береді? Тактикада, техникада қандай қателіктер бар, соның бәрі анықталады. Сол бойынша өзгерістер жасалады.
Кезінде кімнен ұтылатынымызды анықтап, оларды жеңу жолдарын қарастыратынбыз. Яғни біз Кубадан жеңілетінбіз, сол үшін кубалықтарды шақыртып, жаттығу, жарыс ұйымдастырдық, сол нәтижесін берді. Міне, бапкерлер соны түсінуі керек. Әйтпесе федерация тарапынан өте үлкен көмек жасалып жатыр, қажеттінің бәрі бар, алаңсыз жаттығуға жағдай жасап қойған. Спорт комитеті де қомақты қаржы бөледі. Оқу-жаттығу жиындарын ұйымдастыруда еш мәселе жоқ. Ең бастысы, дұрыс жоспар құрып, сол бойынша тыңғылықты жұмыс істелуі керек.
– Аға, отандық бокс тарихындағы ең табысты бас бапкер болдыңыз. Дегенмен сіздің федерацияға оралуыңызға қарсы ой айтқандар да бар. «24 жылдан бері төл шәкіртінің топ жарғанын көрген жоқпыз, КСРО өкілі, бізге жаңа көзқарастағы мамандар керек» деп жазып жатыр. Осындай пікір иелеріне сіздің айтар уәжіңізді тыңдасақ...
– Түрлі пікірдің болуы заңдылық. Бірақ көпшілік менің Сиднейден кейін қандай жұмыс атқарғанымды біле бермейді. Бейжіңге Руслан Мырсатаевты алып бардық. 2009 жылы Алматы облысының бапкері атандым. Сол кезде талай маман келіп: «аға, шәкіртімді қарамағыңызға алсаңыз, өзіңіз қолдау көрсетсеңіз» деп өтініш жасады. Мен бірден «құрамада шәкірттерім болмауы керек» деп үзілді-кесілді бас тарттым. Бірақ Жәнібек Әлімханұлы, Айдос Ербосынұлы, Али Ахмедов секілді балалардың бәрі менің де шәкірттерім. Бауыржан Оспановтың қолдауымен қаншама жетістікке жеттік. Бізге келгенге дейін қалай еді де, біз келгеннен кейін өңір боксының деңгейі қалай өзгерді. Бұл үлкен жұмыс. Одан бөлек қыздар боксы қарқын алды. Сондықтан да бас бапкер ешкімді бөліп-жармай, бәріне бірдей қарауы керек деп үнемі айтып келемін.
Оның үстіне мен құрамаға бас бапкер болып келіп жатқан жоқпын, президенттің кеңесшісімін. Біздің міндет – бас бапкерге қолдау көрсету.
– Келесі Олимпиадаға дейін төрт жыл уақыт бар дегенімізбен, спортта бұл көп мерзім емес. Осы уақыт аралығында кем-кетіктер жойылып, бәсекеге қабілетті құрама жасақтап үлгереміз бе?
– Бірінші кезекте жұмысты облыстық, республикалық чемпионаттардан бастаймыз. Өңірлік деңгейдегі іріктеулер әділ жүрсе, мықты боксшыларды құрамаға шақыртуға мүмкіндік артады. Жасөспірім, жастар арасындағы іріктеулердің әділ, сапалы өтуін қадағалаймыз. Себебі қазіргі жұмыспен бір циклді қамтуға ғана тырыспауымыз керек, біз болашаққа жұмыс істеуіміз қажет. Геннадий Головкин, Ермахан Ыбрайымов секілді боксшылар бір циклде шыққан жоқ қой, талай жылғы сынақтан өтіп барып шыңдалды, соның арқасында әлемді мойындатты, бізге осындай шәкірттер тәрбиелеу керек.
Қазір бас бапкерді өте көп жұмыс күтіп тұр, ол соған дайын болады деп ойлаймын. Ал біз өз кезегімізде қолдан келгенше көмек береміз.
- Әңгімеңізге рахмет!