Бокстан Қазақстан чемпионаты аяқталып, ұлттық құрама келер жылы әлем чемпионатына дайындалады
Қарағандыда бокстан ел біріншілігі аяқталды. Дегенмен, ақтық кездесулер басталмай жатып-ақ ерлер арасында екі салмақта жеңімпаз анықталып қойды. Бұл жайт жанкүйерлер тарапынан реніш тудырғаны анық. Осы орайда федерация вице-президенті Мұхтархан Ділдәбековтің бұл жайтқа қатысты ойын сұрап білдік.
– Аға, екі бірдей жеңімпаздың есімдері жекпе-жексіз анықталды. Көпшілік 67 келідегі Төрехан Сабырхан мен Санатәлі Төлтаев арасында айқасты ерекше күтті. Енді жанкүйерлер әлеуметтік желіде ренішін білдіріп жатыр, Санатәлі ауырып қалды дегенге сеніңкіремейтін сияқты.
– Санатәлінің денсаулығы сыр беріп, оны түнде жедел жәрдеммен алып кеткен. Бұл әдейі жасалған дүние емес. Оны ауруханаға апарғанын білеміз, оны алып кеткенінің де видеосы бар. Халық көргісі келді екен деп ауырып жатқан баланы шаршы алаңға алып шықпайды ғой. Сондықтан бұл жерде артық әңгіменің қажеті жоқ деп ойлаймын.
Бірі түсінеді, бірі түсінбейді, бірі шоу іздейді, бірақ спортшының денсаулығымен ойнауға болмайтынын да ұмытпау қажет.
Рас, дәл қазір Төрехан шынымен мықты. Бұл салмақта оған шақ келетін боксшы жоқ, ешкім онымен шыққысы келмейді, артық соққы алғысы келмейді. Оның өнерін, әлеуетін өздеріңіз де көріп жүрген шығарсыздар. Жас та болса шебер екенін дәлелдеп келеді. Осындай боксшыларымыз көп болса, әлем чемпионаттары мен Олимпиада ойындарында талай атой саламыз. 2028 жылғы Олимпиада ойындарында бар үміт осы жігіттерде.
– Жанкүйерлердің ренішін түсінуге болады. Себебі тартысты болады деген мұндай кездесудің өтпей қалып жатқаны бірінші рет емес. Өткенде Шымкентте Теміртас Жүсіпов пен Санжар Тәшкенбай жұдырықтаспады. Одан қалды Абылайхан Жүсіпов пен Сабыржан Аққалықовтың да айқасын көрмедік. Бұл кездейсоқтық па деген сұрақтың туындауы заңдылық секілді.
– Шымкенттегі турнирде Санжардың қабағы қалай жарылғанын көрдіңіздер, үш жерден тікті. Санжар төбелескісі келді, бірақ дәрігер рұқсат бермей қойды. Міне, бокста мұндай жайттар көп болады, әрқайсысына жеке-жеке тоқталмаса, кейде халық оны түсіне бермейді.
Елішілік турнирлерде дәрігерлер боксшыға шаршы алаңға шықпауға кеңес берсе немесе тыйым салса, бапкерлер өзара келісе отырып осындай шешім қабылдайды.
– Биыл бапкерлер құрамы өзгерді, федерация басшылығы ауысты. Осы орайда Қарағандыдағы ел біріншілігінің ұйымдастырылуы жайлы ойыңызды білсек.
– Биылғы чемпионат өте жоғары деңгейде және ерекше өтті. Себебі бұрын резерв болмаған, қазір бәрін қатыстырып жатырмыз. Бұл Лос-Анджелестегі Олимпиада ойындарына қазірден бастап қамдану деген сөз. 2025 жылдың қаңтар айында ел біріншілігін өткізуге уақыт жоқ, себебі әрі қарай әлем біріншілігі таяп қалады. Сондықтан іріктеуді қазір өткізіп жатырмыз. Бұл чемпионат та әлемдік аламанға іріктеу іспеттес. Азия чемпионатының қорытындыларын қараймыз, сондағы балалардың өнерін бағалаймыз, сонан соң ішкі чемпионаттың нәтижелерін сараптай отырып, боксшылардың тізімін жасаймыз. Әзірге 4-5 салмақ белгілі, қалғандарына іріктеулер болады.
– Ал төрешілікке қатысты не айтасыз?
– Төрешілікке қатысты ешкімде сұрақ жоқ деп ойлаймын, себебі біз он төрешіні шетелден алдырттық. Еуропадан, Азиядан келді. Қазақстандық төрешілерді тартпадық. Басынан аяғына дейін сол шетелдік мамандар жұмыс істеп жатыр.
– Ұлттық құрамаға АҚШ-тан ағайынды екі маманды шақырттыңыздар. Олардың көмегі қаншалықты тиіп жатыр?
– Кристофер мен Дарио Камачолардың білікті маман екенін жақсы білесіздер. Олар боксшыларымыздың физикалық даярлығына жауапты. Жұмысының нәтижесін байқадық. Азия біріншілігінде боксшылар үш раунд бойы толыққанды жұдырықтасып жатыр, бұрын бір раундтан кейін шаршап қалатын. Нәтиже біртін-біртін көріне береді. Олардан бөлек те мамандар алдыртамыз, өйткені біздің бапкерлер шетелдіктерден тәжірибе алуы керек. Жергілікті бапкерлер әбден біліктіліктерін арттырған соң ғана шетелдік мамандарды шақыртуды тоқтатамыз.
– Азия чемпионаты демекші, бастапқыда бапкерлер Қазақстан жалпы есепте топ жарады деген болжам айтқан. Бірақ Өзбекстан құрамасы тағы көш бастады. Сөйте тұра сары құрлық біріншілігінің айналасында дау көп…
– ІВА Азия чемпионатындағы төрешілікке қатысты ресми түрде тергеу бастағанын мәлімдеді. Ұйым шындап кірісті деп ойлаймын. Ол кісілер мұндай былықтың көп болатынын ойламаса керек, дегенмен қазақ боксшыларына қатысты, тай боксшысына қатысты әділетсіздік орнағаны анық. Төрешілердің өзбекстандық мамандармен ым-жымы бір болып кеткені қатты байқалды. Абылайхан Жүсіповке тиесілі алтынды қайтарып берді. Басқа салмақтар бойынша да тексерістер жүріп жатыр. Егер қалған боксшыларға қатысты да әділ шешім шығарылса, онда Қазақстан көш басына көтеріледі.
Бокс құлдырауда деп қайта-қайта айтылып жатыр, бірақ дәл қазір біз бокстың бірте-бірте аяққа тұрып келе жатқанының куәсі болып отырмыз. Нәтижені 2028 жылғы Ойындарда көреміз деп ойлаймын. World Boxing ұйымы құрылып, Олимпиадада боксшылардың мүддесін осы ұйым қорғайды деген жоспар бар. Қазір екі ұйым жұмыс істеп жатыр, соның мәселесін шешіп алсақ, бәрі жақсы болады.
– Қазақстан дәл қазір ІВА-дің де, World Boxing-тің де құрамында. «Екі кеменің басын ұстаған суға кетеді» деп жатады. Біз екі ұйымның құрамында қашанға дейін жүреміз?
– Екі бірдей ұйым қатарында жүруіміз уақытша ғана. 2028 жылғы Олимпиада ойындарында салмақ та өзгереді. Болашақта ІВА сапынан кетеміз.
– Уақыт бөлгеніңізге рахмет!