Ол қайғылы оқиғаның куәсі болған
Футзалдан Әзірбайжан құрамасының капитаны 33 жастағы Ровшан Гусейнли ұшақ құлаған кезде Ақтау әуежайында болған. Бұл туралы Report-қа қақпашының өзі айтқан.
Ол Астанаға оралу үшін Ақтау әуежайына бара жатқанда қайғылы оқиғаның куәсі болған.
«Біз Ақтауға Қазақстан кубогына қатысу үшін бардық. Елордаға оралу үшін «Астана» клубының ұжымымен автобусқа отырып, әуежайға аттандық. Ақтау әуежайының маңы ашық әрі бәрі көрініп тұратынын көпшілік біледі. Кенеттен айқай-шу басталып, жұрт ұшақ құлағанын айтып жатты. Басымды бұрсам, көк түтін мен лапылдаған жалынды көрдім. Сол маңда өрт сөндірушілер, жедел жәрдем көліктері мен тікұшақтар болды. Оқиғаға байланысты біздің Астанаға ұшатын рейсімізді 4 сағатқа кешіктірді», - деді ол.
Айта кетейік, Бакуден шығып, Грозныйды бет алған AZAL ұшағы Ақтау әуежайының маңында апатқа ұшырады. Бортта 67 адам болған, олардың 29-ы аман.