Бапкерлер боксшылардың карьерасын аяқтағанын алға тартса, өздері тек үзіліс алғанын айтады
Ұлттық құрамада көшбасшы болған Қамшыбек Қоңқабаев пен Асланбек Шымбергеновке қатысты сұрақ әлі ашық күйінде. Себебі бапкерлер бұл боксшылардың карьерасын аяқтағанын алға тартса, өздері тек үзіліс алғанын айтады. Ресми түрде мәлімдеме жасаған да жоқ.
Былтырғы Париж олимпиадасынан соң әлі бір де бір жарысқа қатыспаған қос боксшының ұлттық құрамаға оралуға мүмкіндігі бар ма? Бұл сауалға Қазақстан бокс федерациясының бас хатшысы, әлем чемпионы Мерей Ақшалов жауап берді.
«Әзірге екі боксшы да ұлттық құрама сапында жоқ. Былтырғы Олимпиада ойындарынан кейін екеуі де үзіліс алды. Егер шаршы алаңға ораламыз десе, алдағы қараша айында Семейде Қазақстан чемпионаты өтеді. Сонда өз-өздерін дәлелдеп, үздіктер қатарынан көрінсе, екеуіне де ұлттық құраманың есігі әрқашан ашық. Сол секілді ұлттық құрамаға қосылғысы келетін өзге боксшыларға да қойылатын талап осы. Бастысы, Қазақстан чемпионатында өздерін дәлелдесін. Біз қуана қарсы аламыз», - деді Мерей Ақшалов.