IBF-тің мамыр айындағы рейтингінде Сұлтан Заурбек үшінші орында тұр
Қазақстандық жеңіліп көрмеген боксшы Сұлтан Заурбек IBF тұжырымы бойынша екінші жартылай жеңіл салмақтағы ресми үміткер атағы үшін жекпе-жек өткізеді.
Boxingscene порталының хабарлауынша, Халықаралық бокс федерациясы (IBF) «Қазақ боксының королі» атанған Заурбек австралиялық Лиам Уилсонмен жұдырықтасатынын ресми түрде жариялады. Бұл айқастың жеңімпазы қазіргі чемпион — мексикалық Эдуардо Нуньеске қарсы міндетті қарсылас болмақ.
Айта кетейік, IBF-тің мамыр айындағы рейтингінде Сұлтан Заурбек үшінші орында тұр (алғашқы екі орын бос), ал Лиам Уилсон бесінші сатыға жайғасқан. Қазіргі таңда Заурбек пен Уилсон арасындағы кездесудің нақты күні мен өтетін орны әлі белгісіз.
29 жастағы австралиялық спортшы кәсіпқой рингте 19 жекпе-жек өткізіп, оның 16-сында жеңіске жеткен (8-ін мерзімінен бұрын аяқтаған), үш рет жеңілген. Соңғы рет ол 2024 жылдың наурызында WBO белбеуі үшін өткен жекпе-жекте мексикалық Оскар Вальдеске нокаутпен жол берген еді.
Еске сала кетсек, биыл 5 сәуірде Сұлтан Заурбек Астанада өткен кездесуде оңтүстікафрикалық Азингу Фузилені жеңіп, кәсіби мансабындағы 20-шы жеңісіне қол жеткізді.