
Жақында спортшының ұлы Мирон сот отырысында таңдау жасайды
Кәсіпқой бокстан әлем чемпионы боксшы Дмитрий Биволдың бұрынғы жары Екатерина Бивол алдағы өтетін сотқа қатысты пікір білдірді. Аталған сотта олардың балаларының кіммен қалатыны шешіледі.
Екатеринаның айтуынша, олардың ұлы Мирон жақында өтетін сот отырысына қатысып, өз болашағы мен інісінің қайда тұратынын өзі таңдайды.
«Көбіне бұрынғы күйеулер кек алғысы келіп, заңды алимент төлемеу үшін балалардың тұрғылықты жерін даулайды. Себебі алимент төлемеу үшін баланы өзіне алу керек. Мирон қазір 10 жаста. Ресей заңына сәйкес, ол қайда тұратынын өзі шеше алады. Бірнеше аптадан соң ол сотта өзі мен інісінің тағдырын шешеді», – деп жазды Екатерина әлеуметтік желіде.
Сондай-ақ Екатерина Бивол бұрынғы күйеуі әлемнің экс- абсолютті чемпионы лайықты алимент төлеуден жалтарып жүр деп есептейді. Оның айтуынша, «миллионердің балалары 100 мың рубльмен күн көре алмайды».
Дмитрий мен Екатеринаның жанжалға толы ажырасуы
Дмитрий мен Екатерина өте ерте танысқан (16 жасында). Ал 2013 жылы шаңырақ көтеріп, екі ұл тәрбиелеп өсірген: Мирон және Никон.
2023 жылдың маусымында ерлі-зайыптылар ажырасты. Ажырасқаннан кейін Екатерина сотқа арыз беріп, алимент мөлшерін ұлғайтуды талап етті.
2024 жылдың желтоқсанында Екатерина бұрынғы күйеуі оған қарсы прокуратураға арыз түсіргенін, соның негізінде боксшының ар-намысын қорғау бойынша сот басталғанын мәлімдеді.
Ажырасқаннан кейін Дмитрий Бивол Артур Бетербиевпен екі маңызды жекпе-жек өткізді. Алғашқы кездесуде төрешілер шешімімен жеңіліп, Бетербиев жартылай ауыр салмақта абсолют чемпион атанды. Бірақ екінші жекпе-жекте Бивол жеңіске жетіп, қарымта қайтарды.
Спортшы командасының мәліметінше, Бивол мен Бетербиев арасындағы үшінші кездесу 2025 жылдың қараша айында өтуі мүмкін.